Жадыраған жаздың алғашқы күні, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі аудан орталығында аталып өтілді.
Аудан әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған мерекелік шарада бүлдіршіндер өз өнерлерін ортаға салды. Мерекенің шырайын келтірген ертегі кейіпкерлері балаларға қызықты ойындар ойнатты. «Көңілді старт» эстафеталық сайыстары мен суретші бүлдіршіндердің асфальтқа сурет салу байқауы өткізілді.
Шараға аудан әкімі Берік Сәрменбаев қатысып, ата-аналар мен бүлдіршіндерді мерекемен құттықтады.
«Отбасынан басталған бақытты балалық шақтарың Отанның адал азаматы болуға жетелесін. Сіздердің еліміздің тұтқасын ұстап, жарқын болашағын жасайтынына сенемін.
Барлығыңа мықты денсаулық, баянды өмір, бақытты балалық шақ тілеймін»,-деген ізгі тілегін аудан әкімі білдірді.
Айта кету керек, биыл облыс әкімінің қолдауымен аудандағы 2 мектепке балаларды тасымалдауды ұйымдастыру үшін жаңа үлгідегі 2 автобус пайдалануға берілді.
биыл жазғы маусымда 681 оқушы «Жалын» сауықтыру лагерінде, 4665 оқушы күндізгі лагерьлерде демалады деп жоспарлануда.
Республикалық бюджет есебінен 115 оқушы Алматы, Шымкент, Бурабай, Қонаев қалаларындағы лагерьлерге, демеушілер есебінен 100 бала Арал ауданындағы “Қамбаш” лагеріне жіберілетін болды.