Бүгін Жұбанов университетінде Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссиясының бастамасымен «Ұрпақ салауаты – ұлт байлығы» республикалық форумы өтті.
Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың өзекті мәселелерін талқылау және шешу жолдарын іздестіру мақсатында ұйымдастырылған форумға балалармен жұмыс жөніндегі қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері, Ақтөбе облысының құқық қорғау органдары, білім саласының мамандары, психологтар, университет басшылығы мен профессор-оқытушылары қатысты.
Жиынды кіріспе сөзбен ашқан университет ректоры Лаура Қарабасова жақында өткен баспасөз мәслихатында әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның өкілдері зорлық-зомбылыққа қарсы қылмыспен қалай күресуге болатындығы туралы мәселені көтергенін атап өтті. Университет басшысының айтуынша, университет те осы өзекті тақырыптан тыс қалмайды. Бүгінгі форумда білікті мамандардың басын біріктіруге бала қауіпсіздігін, қоғамдағы зорлық-зомбылықтың алдын алуды психология, медицина, құқық қорғау тарапынан бірлесе талқылап, мәселенің шешу жолдарын қарастыру себеп болғанына тоқталды.
Форумға шақырылған спикерлердің арасында психологтар, психоаналитиктер және құқық қорғаушылар бар.
Психоаналитик, Орталық Азия психоанализ институтының директоры Анна Құдиярова «Психоанализ тұрғысынан педофилия дегеніміз не және шығу тарихы» тақырыбында дәріс оқып, педофилияның пайда болуы мен себептері, агрессорды қалай тануға және балаларды зорлық-зомбылықтан қалай қорғауға болатындығы туралы айтты.
Сонымен қатар форум аясында дәрігер-психиатр Тамара Асимова «Психиатрия тұрғысынан жыныстық зорлық-зомбылық» тақырыбында презентация жасады.
Ұлттық комиссия мүшесі, адвокат Айман Умарова және «Денсаулық және салауаттылық» орталығы мамандары шағын сессиялар мен шеберлік сабақтарын өткізді.