Қызылорда облыстық сотында Сот әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің құжат айналымы бөлімінің басшысы Е.Бөрібаевтың төрағалық етуімен «Сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою» мемлекеттік қызметін көрсету мәселелері бойынша семинар сабағы өтті.
Семинарға аудандық және оған теңестірілген сот әкімшісі басшылары, “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” өкілдері қатысты.
Е.Бөрібаев семинарды ашып, “Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті” республикалық мемлекеттік мекемесі «Сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою» мемлекеттік көрсетілетін қызметіне қатысты өтініштерді қабылдауға және орындауға уәкілетті орган болып табылатынын, бүгінгі семинар Қазақстан Республикасының Сот Әкімшілігінің 2023 жылға арналған “Сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою” жөніндегі мемлекеттік қызметті көрсетудің сапасын жақсартуға арналған жұмыс жоспарына сәйкес өткізіліп отырғанын атап өтіп, тақырып бойынша баяндама жасау үшін сөз кезегін департаменттің ұйымдастыру-талдау бөлімінің бас маманы О.Қожаеваға берді.
Баяндамашы 1961 жылғы 5 қазандағы Гаага конвенциясына қосылған, заңдастыру рәсімін енгізетін елдерге құжаттар жолдау кезінде басқа бір мемлекеттің аумағында пайдалануға арналған, белгілі бір мемлекеттің өкілетті органдар берген құжаттарда арнайы мөртабан, яғни апостиль қойылатынын, Конвенцияның 5-бабына сәйкес, апостиль қолдардың түпнұсқалылығын, құжатқа қол қойған адамның кiм екендiгiн және тиiстi жағдайларда бұл құжат бекiтiлген мөрдің немесе мөртаңбаның түпнұсқалылығын куәландыратынын айта келе, осы қызмет көрсету қағидасына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға тоқталды.
Атап айтқанда жаңадан өтініш үлгісі енгізіліп, апостиль – қағаз нысанмен қоса электрондық нысандағы құжат бекітілген мөрдің немесе мөртаңбаның түпнұсқалығын растайтын арнайы мөртаңба болып табылады.
Сонымен қатар тыңдау туралы хабарлама өтініш тіркелгеннен кейін алдын ала, бірақ әкімшілік акт қабылданғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етіледі. Тыңдау көрсетілетін қызметті алушы хабардар етілген күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.
Баяндамашы осы және өзге де өзгерістерге тоқтала келе қатысушылардан туындаған сұрақтарға жауап берді.
Семинарды қорытындылаған Е.Бөрібаев, аталған мемлекеттік қызмет көрсетудің қағидасын сақтауды және қызмет бабында бұлжытпай орындаудың маңызды екендігін айтты.

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі

БӨЛІСУ