Мәжіліс депутаттары «Қоғамдық бақылау туралы» заңды және оған ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Сондай-ақ Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы арқылы бірқатар келісім мен хаттаманы ратификациялап, жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыс бір минут үнсіздікпен басталды. Депутаттар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды. Сонан соң Мәжіліс комитеттері жаңа ратификациялық заң жобаларын жұмысқа алды. Олардың қатарында 2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы елімізге мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама, сондай-ақ Қазақстан мен Кипр арасындағы ұстап беру және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы келісімдер бар. Жалпы отырыста «Қоғамдық бақылау туралы» заң екінші оқылымда қабылданды. Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Ерлан Саиров заң мен оған ілеспе өзгерістер мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың ашықтық деңгейін кеңейтуге, азаматтық қоғамның белсенділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті. Заңның бірінші оқылымы 2022 жылдың желтоқсанында өткен болатын. Содан бері жұмыс тобы оған бірқатар өзгеріс енгізді. «Қоғамдық бақылау объектілеріне «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен оның еншілес компаниялары, Назарбаев зияткерлік мектептері және басқа да дербес білім беру ұйымдары жатады. Азаматтарға петиция беру құқығын тек электрондық нысанда ғана емес, қағаз түрінде де беру құқығы беріледі. Петицияны орналастыру үшін қажетті дауыстар саны (150-ден 50-ге дейін) азайтылып, мемлекеттік органдардың петицияны қарау мерзімдері (орталық мемлекеттік органдар үшін – 60 күннен бастап 40 күнге дейін және жергілікті атқарушы органдар үшін-20 күнге дейін) қысқартылады», – деді Е.Саиров. Сонымен қатар Ерлан Саировтың айтуынша, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің, сондай-ақ әскери оқу орындары тәрбиеленушілерінің, ұландарының, кадеттері мен курсанттарының өмірімен және тұрмысымен танысу үшін олардың отбасы мүшелеріне әскери бөлімдерге, оқу орындарына бару құқығы беріледі. Мәжіліс Төрағасы заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленгенін атап өтті.  «Заң жобасы Мәжіліс қабырғасында ұзақ әрі ашық талқыланды. Талқылау кезінде Үкіметтен келген заң жобасы бірқатар өзгеріске ұшырады. Ең бастысы, халықтың талап-тілегіне толық сай келеді деп айта аламыз. Өңірлерде жұртшылықпен кездесулерде айтылған ұсыныстың барлығы қамтылды. Бұл заң жобасы Президентіміздің реформаларымен толық үндесіп отыр. Реформалардың басты принципі – азаматтардың елдегі қоғамдық-саяси өмірге еркін араласуына тең мүмкіндік беру», – деп қорытындылады Е.Қошанов.  Мәжіліс сонымен қатар Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы арқылы бірқатар келісім мен хаттаманы ратификациялады. Олар жөнінде Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов баяндама жасады. Қабылданған ратификациялық заңдардың қатарында Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің аумақтарында уақытша болуына байланысты істер бойынша юрисдикция және құқықтық көмек көрсету туралы келісім бар. Ол ынтымақтастық механизмін қалыптастыруға бағытталған, соның аясында қылмыстарды жедел және жан-жақты тергеу үшін тараптар бірлескен жедел-іздестіру топтарын құра алады. Тағы бір келісім ҰҚШҰ әскерлерін (ұжымдық күштерін) бірлескен материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз етуге қатысты. Тараптар әскерлерді қарудың, әскери және арнайы техниканың, сондай-ақ материалдық-техникалық құралдардың заманауи нысанды және (немесе) үйлесімді үлгілерімен қамтамасыз етуге бағытталған әскери-техникалық саясатты жүргізетін болады. Келесі құжат – 2007 жылғы 6 қазандағы ҰҚШҰ-ның бітімгершілік қызметі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама. Түзетулер Ұйымның бітімгершілік күштерін БҰҰ бітімгершілік операцияларында пайдалану тәртібін белгілейді. Олар үйлестіруші мемлекеттің қамқорлығымен құрылады. Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер орталық мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік-экономикалық тақырыптар бойынша депутаттық сауалдарын жолдады.

БӨЛІСУ