Бүгін Қазалыда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Тарих. Тағдыр. Тағылым» атты тарихи-танымдық конференция өтті.
Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінде өткен шараны аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов ашып, егемен еліміздің тағдырындағы ең бір қасіретті кезеңді еске алатын ерекше күн жайында айтып өтті.
– Бұл күн – егемен еліміздің тағдырындағы ең бір қасіретті кезеңді еске алатын күн. ХХ ғасырда отаршыл жүйенің озбырлығын көрген халқымыз екі бірдей алапат ашаршылықты басынан кешті. Саяси қуғын-сүргіннің азабын тартып, 30-ыншы жылдары орасан зор нәубетке ұшырады. Қатыгез жүйе еңбектеген сәбиді де, еңкейген кәріні де аяған жоқ. Қазақ халқы бірер жылдың ішінде тең жарытысынан айырылды. Көпшілігі аяулы атамекенін тастап, шекара асып, шетелге бас сауғалады.
Сол зұлмат біздің аймағымызды да айналып өткен жоқ. Қазалылықтар арасында кезінде білім бөлімін басқарған Нұржан Баубеков, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы болған Қазмұхамед Күлетов сияқты 400-ге жуық жерлестеріміз қуғын-сүргін құрбаны болды. Кейін олардың барлығы да ақталды, – деді Дәурен Оңғарбайұлы.
Мұнан соң шараға қатысушы көпшілік елдің болашағы, келер ұрпақтың бақыты үшін күрескен асыл азаматтар мен есіл ерлерімізді 1 минут үнсіздікпен еске алды.
Бұдан әрі Қазалы ауданының мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Болат Жолтаев «Зобалаң зардаптары», №204 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Алмас Қаналиев «Соңғы көш», №165 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Майра Өмірзақова «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» тақырыптарында баяндама жасады.
Сондай-ақ саяси қуғын-сүргін құрбандарының артында қалған ұрпағы Мафруза Текеева мен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі аудандық жұмысшы топ мүшелері, ардагер-ұстаз Бақытжан Түменбай мен Қадірбек Бекетов ел басынан өткен қасіретті күндер жайында сөз қозғады.
Жиын соңында Дәурен Оңғарбайұлы тарихи өтпелі кезеңде ел-халықтың азаттығы жолында жазықсыз жапа шеккен, ашаршылық пен саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған ата-бабаларымызды жадымыздан шығармау перзенттік парызымыз, азаматтық борышымыз екенін айтып, тағылымды шараны қорытындылады.
©️Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі