Балалар демалысы мен бос уақытының жүйелі және қауіпсіз ұйымдастырылу дайындығын бақылау мақсатында мониторингтік топ Алматы облысы Қонаев қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына барды.

Мониторинг тобында Оқу-ағарту министрлігі, Қонаев қаласының Төтенше жағдай, Полиция, Білім және Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының өкілдері болды.

Тараптар оқу-сауықтыру орталығының жазғы демалысқа дайындығын, қауіпсіздік шаралары мен санитариялық-эпидемиологиялық жай-күйін, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өрт қауіпсіздігін сақтау, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу және балалардың қараусыз қалуына жол бермеу мәселелерін зерделеді.

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан жазғы демалыс уақытында балаларды сауықтыру, демалысты ұйымдастыру барысында жүйелі ведомствоаралық үйлестіру жұмысын жалғастыру қажеттілігіне ерекше назар аударды.

💬«Сауықтыру орталықтарының жазғы демаласқа дайындығын бақылау мақсатында жұмыс топтары әр өңірде тиісті шараларды қолға алды. Зерделеу жұмыстары еліміздегі барлық сауықтыру орталығында жүргізілетін болады. Бала қауіпсіздігі мен денсаулығы – үлкен басымдыққа ие маңызды мәселе. Бұл тұста асқан жауапкершілік танытып, бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет», – деді Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.

Айта кетейік, жазда балаларымыздың тынығып, демалысын жарқын, көңілді өткізуі үшін биыл қала сыртындағы 218, мектеп жанындағы 10 200 профильдік және шатырлы лагерь жұмыс істейтін болады.

БӨЛІСУ