Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрғындардың өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында Сырдария ауданында бақшалық дақылдарға арналған жер дайындалып, егін егу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді ауылдарындағы бақша дақылдарын егу жұмыстарымен танысты.

Айдарлы ауылдық округі бойынша биылғы жылы 83 гектарға картоп, көкөніс, бақша дақылдарын егу жоспарланса, оның 10 гектарына картоп, 2 гектарына көкөніс, 48 гектарына бақша дақылдары егілген.

Бұл ауылда жастар бригадасы биыл 15 гектар жерге 15 жасты қамти отырып, егін егуде. Айдарлы ауылының жастар бригадасы 3 жылдан бері құрылып, жұмыс жасауда. Бригадирі Зейнолла Жүсіпов былтыр аудан әкімінің арнайы «Ынта» сыйлығының иегері атанған.

Ал, Жетікөл ауылдық округі бойынша биылғы жылы 36 гектарға картоп, көкөніс, бақша дақылдарын егу жоспарланса, оның 10 гектарына картоп, 3 гектарына көкөніс, 23 гектарына бақша дақылдары егілді.

Жетікөл ауылындағы биыл алғаш рет құрылған “Жетікөл” жастар бригадасы 2 гектар жерге 7 жұмыссыз жас дайындалған жерге картоп, қауын, қарбыз, асқабақ өнімдерін орналастыруда.

Сонымен қатар, Аманкелді ауылдық округі бойынша биылғы жылы 25 гектарға картоп, көкөніс, бақша дақылдарын егу жоспарланса, оның 7 гектарына картоп, 4 гектарына көкөніс, 6 гектарына бақша дақылдары егілді.

«Аманкелді» жастар бригадасы 5 гектар жерге 13 жас егін егуде.

Жастардың ынтасы мен жігерін көрген аудан басшысы Берік Әбдіғаппарұлы: – Еңбек етемін деген азаматтарға мемлекеттен қолдау өте көп. Биыл «Ауыл аманаты», қайтарымсыз гранттар, агро несие секілді жобалар қарқынды жүзеге асырылуда. Жастар қазір бірлесіп жұмыс жасаудың тиімділігін көріп отыр. Осы бірлікті ары қарай кооперативтер құрып, ары қарай кәсіпті дамытуға жұмыс жасауды ұсынамын. Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен аяқ су мәселесін шешу бағытында каналдар тазаланып, арнайы су насостары берілді,-деді.

Айта кету керек, биыл Сырдария ауданында тұрғындардың өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында 359 гектар жер дайындалып, 1105 адам егін егуде.
Бұл бағытта аудан бойынша Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Бесарық, Шіркейлі, А.Тоқмағанбетов ауылдарынан жастар бригадалары құрылып, қазіргі таңда 150 жас 40 гектар жерге егін орналастыруда.

БӨЛІСУ