Облыстық қоғамдық даму басқармасы мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ұйымдастыруымен Достық үйі ғимаратында «ХХ ғасырдың басындағы саяси қуғын – сүргін: зерттелуі және өзекті мәселелері» тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Конференцияны облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары А. Қамбаров ашып, жүргізді.

Артур Раушанбекұлы өз сөзінде: «ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезеңде орын алған саяси оқиғалар тек қазақ халқын ғана емес, миллиондаған кеңес азаматтарын құрбан етті.

Бұл қасірет Сыр жұртшылығын да айналып өткен жоқ. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, тоталитарлық жүйе жүргізген саясат салдарынан облыс бойынша 4038 отбасы қуғынға ұшырап, 1153 адам атылған екен. Қазақстанның өзінен 1992 жылы құрылған Парламенттік комиссияның қорытындысы бойынша, 1931-1933 жылдары ашаршылықтан қырылған қазақ халқының саны 2 млн 300 мың адам делінді. Этнос өкілдерінің саны 200 мың адамды құрапты», – деп қастерлі жылдардың қасіретін сандық мысалдармен келтіріп өтті.

Сонымен қатар, осындай үлкен тарихи оқиға тәуелсіздікке дейін жабық болып келгенін, тек тәуелсіздік алуымызбен ақтаңдақ тұстардың жауабын іздеуге кіріскенін айта келе, мемлекеттік деңгейде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

Шараға онлайн байланыс арқылы Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Бердіғожин Лесқали Базарғалиұлы, Маңғыстау облысы мемлекеттік архивінің бас сарапшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрмаханова Жанат Жанашқызы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Тұяқбаев Ғабит Әнешұлы және университеттің қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Талғат Жолдасұлы, «Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві» КММ директорының орынбасары Алтынбаева Жанат Олжабайқызы баяндама жасады.

БӨЛІСУ