Бүгін аудан әкімі Асқарбек Есжанов Жалағаш кентіндегі бірнеше әлеуметтік нысандарды аралап, жағдайымен танысты.
Алдымен кенттегі Желтоқсан көшесінің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысқан аудан әкімі мердігер мекемеге жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізуге аса мән беріп, мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Айта кету керек, биыл Жалағаш ауданы бойынша 1,3 млрд. теңгеге Жалағаш кенті және 4 елді мекеннің 16 көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Асқарбек Темірбекұлы орталық алаңның тазалық жұмыстарына да аса мән беру қажеттігін айтты.
– Аудан орталығы – Жалағаш кенті біздің айнамыз. Сондықтан орталық алаң, көшелеріміз таза болуы тиіс. Сол себептен де тазалық мәселесін бір сәт естен шығармауымыз керек. Әсіресе, орталық алаңдағы, базар маңындағы, яғни халық көп шоғырланатын жерлердегі қоқыстар дер кезінде алыну қажет, – деді.
Бұдан бөлек, Асқарбек Есжанов «Әділет», «Ырыс» сауда үйлері жанындағы жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысып, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысына және Жалағаш кенті әкіміне құрылыс жұмыстарының кенттің бас жоспарына сәйкес жүргізілуін қадағалауды қатаң тапсырды.
Сонымен қатар, аудан басшысы кәсіпкерлік нысандарды аралау барысында нысан иелеріне ғимараттың тазалығы мен сыртқы келбетіне аса мән беруді және санитарлық тазалық нормаларының қатаң сақталуын қадағалау қажеттігін ескертіп, аудандық полиция бөліміне базар аумағындағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.