ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың төрағалығымен Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен Қаржылық мониторинг агенттігі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қазақстан Кәсіпкерлер форумы, «Атамекен» ҰКП және мемлекеттік органдар өкілдері қатысты.

Сауда және интеграция министрлігі тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасында көзделген тұтынушымен жасалған шарттарға тұтынушының құқықтарын бұзатын және оларға қысым жасайтын талаптардың енгізілуіне жол бермеуді күшейту бөлігіндегі реттеушілік әсерге талдау жасады. Кеңесте тұтынушылардың құқығын қорғау саласындағы жүйелі проблемалар, сондай-ақ Қазақстанның ақпараттық алаңында қоғамдық наразылық туындатқан тұтынушы құқықтарының бұзылуына қатысты оқиғалар, атап айтқанда, кәсіпкерлер сатып алу-сату шартын жасау кезінде тұтынушыларды сатып алынған тауарларға қосымша ақылы тауар сатып алуға міндеттеген жағдайлар аталды. Сонымен қатар тұтынушылардың құқығын бұзатын шарттар жасасу арқылы несие беру және тұтынушыларды алдаудың алаяқтық схемалары да қоғам наразылығын тудырды.

Сондай-ақ Сауда және интеграция министрлігі «ескерту» түріндегі әкімшілік жазаның тиімсіздігін атап өтті. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2 жыл ішінде коллекторлық агенттіктердің әрекетіне борышкерлерден 1000-ға жуық арыз-шағым түсіп, 700-ге жуық тексеру, оның ішінде ірі ұйымдарға қатысты 25 инспекциялық тексеру жүргізілген. Ведомство теріс әрекеттерге барған коллекторлық агенттіктер жасаған әрбір құқық бұзушылыққа салынатын әкімшілік айыппұл көлемін екі есе арттыруды ұсынып отыр.

Кеңес барысында балаларға қосымша білім беру саласындағы қызметтің басталуы немесе тоқтатылуы туралы хабарлама бөлігіндегі реттеушілік әсерді талдау қорытындысы да айтылды.

Ұсынылып отырған нормативтік құқықтық актіні енгізудің мақсаты – хабарламалардың электрондық реестрін есепке алу және қалыптастыру. Нәтижесінде, балаларға қосымша білім беру ұйымдары білім беру саласындағы уәкілетті органға қызметтің басталуы немесе тоқтатылуы туралы хабарлама жіберуге міндеттеледі.

16 мыңнан астам қосымша білім беру ұйымы мемлекеттік тапсырыс алады, оның 14 652-сі жеке меншікте. Осы ретте Оқу-ағарту министрлігінде ұйымдардың бірыңғай реестрі жоқ, оны қалыптастыру үшін хабарлама жіберу жүйесін енгізу жоспарланған.

Ведомствоаралық комиссия отырысының қорытындысы бойынша Ерұлан Жамаубаев мемлекеттік органдар басшыларына бірқатар тапсырма берді.

БӨЛІСУ