Мемлекет басшысы өз Жолдауында еліміздегі 100 мың жасты тұрақты жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікпен айналысуға ниеті бар азаматтарды қолдау керектігін айтқан болатын. Осы бағытта жастардың өз бетінше кәсіп ашуына жәрдем беру үшін 2,5 пайызбен жеңілдетілген шағын несие беріліп жатыр. Бүгінде аталмыш бағдарламаның көмегімен облыстағы 109 жастың жобасы мақұлданды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанар Дәулетбаева хабарлады.

-Бекітілген ережеге сәйкес, кәсіп бастауға арналған 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиені алуға 21-35 жас аралығындағы азаматтар өтініш білдіре алады. Бұл бағдарламаға мал шаруашылығымен айналысуға және егін егуге ниеті бар азаматтар қатыса алады. Егер жеке кәсіпкер болса айналысатын кәсібінің тіркелген уақыты 5 жылдан аспауы тиіс. Бұл бағдарламаға қатысу үшін азаматтар «Аграрлық несие корпорациясына» барып құжаттарын тапсыра алады. Несиенің негізгі шарты бойынша микрокредит мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жылға қаржы беріледі. Ал жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін қайтарымсыз грант мөлшері 200-ден 400 айлық есептік көрсеткішке дейін артты. Сонымен қатар бұрын мемлекеттік гранттарға барлық санаттағы азаматтар қатыса алатын болса, биылдан бастап тек әлеуметтік осал топтарына жататын жандар ғана грант ала алады. Сондай-ақ, 50 жастан асқан жұмыссыз жандарға арналған «Күміс жас» жобасы да биыл басталған болатын. Қазіргі таңда осы жоба арқылы жұмыспен қамтылғандар саны артып келеді, – деді Жанар Жұмабекқызы.
«2023 жылы арналған өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында облыста 43 898 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Оның ішінде 280 ұлттық жоба шеңберінде үш мыңнан астам жұмыс орны құрылмақшы.

 

БӨЛІСУ