Бүгін облыс әкімінің міндетін атқарушы Серік Қожаниязовтың төрағалығымен өткен мәжілісте Қызылорда облысында «Үлгілі елді мекен» жобасын өткізу және ұйымдастыру барысы, 1 наурыздан бері облыс көлемінде жүзеге асып жатқан жобалар талқыланды.
«Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы 19 сәуірде өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте «Әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және жолдарды жөндеу арқылы ауылдың тұрмыс сапасын жақсарту – әкімдердің басты міндеті. Ауыл тұрғындары таза сумен және тұрақты электр қуатымен толық қамтамасыз етілуге тиіс» деген болатын. Ауылдық аумақтарды дамыту және тиімділігін арттыру, сондай-ақ ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсарту бағытында қолға алынған жұмыстарды сапалы жүзеге асыруымыз керек», – деді Серік Салауатұлы.
Президент тапсырмасын іске асыру, облыс әкімінің бастамасымен елді мекендерді тазалыққа және көркейту-көгалдандыруға ынталандыру мақсатында «Үлгілі елді мекен» конкурсы жарияланып, ережесі бекітілді.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Құрманбаев конкурсқа дайындық барысын баяндады. Конкурс ережесіне сәйкес 1 маусымға дейін бірінші кезең аяқталып, облыстық сарапшылық комиссия қарауына ұсынылуы тиіс. Дегенмен, қазіргі таңда қала, аудан әкімдіктерінің ұсынған құжаттары талапқа сай келмейтіні анықталды. Осыған байланысты, қала және аудан әкімдеріне көрсетілген ескертпелер мен кемшіліктерді жойып, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қайта ұсыну тапсырылды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов пен қала, аудан әкімдері атқарылған жұмыстарды баяндады.
Жиын қорытындысымен қала және аудан әкімдеріне, тиісті басқарма басшыларына жүзеге асырылып жатқан жобалардың сапасына аса мән беру міндеті жүктелді. Сонымен қатар жобалардың мерзімінде пайдалануға берілуін қамтамасыз ету керек. Облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы конкурстарды уақытылы жариялау үшін тиісті техникалық ерекшеліктерді сапалы әзірлеп, мемлекеттік сатып алу жоспарларына сәйкес өтінімдерді мерзімінде ұсынуы тиіс. Оған қоса мердігер мекемелердің жұмысын қатаң қадағалау тапсырылды.