Қызылорда облысы, Сырдария ауданына қарасты Н.Ілиясов ауылдық округінде дзюдодан республикалық турнир өтті. Аталмыш жарысқа 11 облыстан 334 спортшы және 27 команда қатысты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Асылжан Жаманқұл мәлімдеді.

-Қазақстанда дзюдо 1973 жылдан бастап дами бастады. Дзюдо ең алдымен, жауынгерлік өнердің лақтыру стилі. Оны бөліп көрсететін басты ерекшеліктердің бірі – оларға қарсы қарсыластың күшін қолдану тәжірибесі. Осындай тәжірибелерді жинақтаған спортшы жастар елімізде өте көп. Көпшілікке үлгі етіп, батылдығын айқындау мақсатында біраз жарыстар да өтіп жатыр. Соның бірі «Абзал және К» ЖШС-нің ұйымдастыруымен өткен дзюдодан республикалық турнирі. 19-21 мамыр аралығында болған турнир өте жоғары дәрежеде өтті,-деді Асылжан Зұлфқарұлы.

-Турнирге қатысушыларға барлық жағдай жасалды. Нақтырақ айтқанда, транспорт және жатын орны, 3 мезгіл тамағы қарастырылды. Айта кететін жайт, жарысқа жалпы 4 миллионға жуық қаражат жұмсалды. Жыл сайын өз деңгейінде өтіп жатқан бұл жарыс ауыл халқы үшін маңызды шаралардың бірі. Осындай мүмкіндікке қолдау көрсетіп отырған «Абзал және К» мекемесінің рөлі зор. Ауылымызда күріш алқаптарының дамып жатқанын ескерсек, басқа өңірлерден келген қатысушылар денсаулыққа пайдалы, сапалы күріш тек шет елде ғана емес өз өңірімізде өндірілетіндігі жөнінде біраз ақпаратпен таныс болды. Сондықтан бұл жарыс спорт саласына баулып қана қоймай, ауыл шаруашылығын және туризмді дамытуға үлкен үлес қосқаны хақ , – деді “Абзал және К” ЖШС-і директорының орынбасары Айгүл Қосмұратова.

-Турнирге арнайы халықаралық, ұлттық төрешілер шақыртылды. Себебі, шын мықтыны әділ түрде айқындау негізгі мақсаттың бірі. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар және ҚР спорт шеберіне үміткер атағы берілді. Биыл он екінші рет өткізілген турнирді алдағы уақытта халықаралық деңгейге дейін көтеру жоспарда бар,-деді Н.Ілиясов ауылының спорт кешенінің меңгерушісі Бағлан Мығымбаев.

 

БӨЛІСУ