Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Сарыкөл мен Көларық ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Ең алдымен дарияның арғы бетіндегі Абай ауылының халқымен дидарласқан аудан басшысы жыл басынан бері 5 айдың ішінде атқарылып келе жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарлармен де бөлісті.

Мұнан соң сөз алған жасыл желегі жайқалған ауылдың тұрғындары елді мекен тұсындағы қалқымалы көпірдің жайын көтерді. Сонымен қатар округ ішіндегі жолдар мен жарық мәселесін қозғады.

Аталған сауалдарды Мұхтар Әуесұлы мұқият тыңдап, тиісті шаралар қолға алынып жатқанын айтып, барлығы кезең-кезеңімен шешім табатынын жеткізді. Сондай-ақ, ауыл жұртшылығы көптен сөз етіп жүрген балабақша салу мәселесінің шешім табатын күні алыс емес екендігін де тілге тиек етті.

Ашық аспан астында өткен кездесудің кезегі ауданнан 25 шақырым қашықтықта орналасқан Көларық ауылдық округінде жалғасты.

Батыр атындағы ауылдың саябағында өткен басқосуда аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ел ішіндегі жүйелі жүріп жатқан жұмыстарға тоқталып, келер күннің еншісінде тұрған мақсат-міндеттерді де сөз етті. Сондай-ақ, ауыл халқының мұң-мұқтажын тыңдап, пікірлеріне құлақ асты.

Елді мекен жұрты жол мәселесін, электр желілері туралы және спорт кешені қажет екенін айтты. Одан бөлек, ауыл ішіндегі жол қозғалысының қауіпсіздігі үшін арнайы жол белгілері мен жасанды төсеніш орнатуды сұрады.

Аудан басшысы жолдың түйткілі ретін табатынын айтып, электр желілері мен жол белгілері бойынша аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтановқа тапсырма жүктеді.

Жиын барысында Мұхтар Әуесұлы жергілікті халықтың сұранысына сәйкес округте балабақша іргетасы қаланатынын айтты. Кездесу соңында аудан әкімі бірқатар тұрғындармен жеке-жеке тілдесіп, көкейде жүрген сауалдарына жауап берді.

©️Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

БӨЛІСУ