Қызылордада кәсіпкерлер палатасының АӨК сарапшылары кепілмүлік құнын көтеруге көмектесті.
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы сарапшыларының араласуымен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ауылдық елді мекендердегі кепілмүлікті бағалау құнын көтерді.
Кәсіпкерлік мақсатта берілетін несиенің басты талабы міндетті түрде кепілмүлік болуы керек. Түрлі алаңнан түскен ұсыныстарды ескере келе, жыл басында Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-на осы мәселені көтеріп, хат жолдады.
Хатта: «Облыстың ауылшаруашылық тауар өндірушілері «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» аясында берілетін шағын несиелерді алу барысында жиі кездесетін кедергілердің бірі – кепіл және кепілмүлікті бағалау мәселесі», – дей келе, Аграрлық несие корпорациясының мүлікті бағалауы нарық құнына мүлдем сәйкес келмейтіні айтылған.
Мәселені шешу үшін Кәсіпкерлер палатасы әр ауылдық округ пен аудандардан нақты нарықтық бағаларды жинақтап, баға нұсқаулығын қайта әзірлеуді ұсынды.
Кәсіпкерлер палатасының сұрауына қаңтарда Аграрлық несие корпорациясы құнды төмендеткен тәуелсіз бағалаушылардың есептерін жеке тәртіппен қарастыратынын айтып, биылдан бастап мүлікті сатып алу-сату нарығында қалыптасқан бағаларға сәйкес кепілмүліктің құнын айқындаудың автоматтандырылған жүйесін енгізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
«Бұл іс-шаралар жылжымайтын мүлікті сату бойынша ұсыныстардың шамамен 80-90 пайызын қамтитын «Крыша.kz» маркетплейсімен корпорация кепілдерді есептеу бағдарламаларын біріктіру жолымен жүргізілетін болады. Осылайша кепіл ретінде ұсынуға арналған мүлік құнын анықтаудың әділ тәсілі, бизнес-қоғамдастық көтеріп отырған кепілді қамтамасыз ету құнын төмендету мәселесін жояды», – деген жауап хатта.
Жақында кәсіпкерлер үшін жағымды жаңалық келді. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мамырдың 15-нен бастап жаңа баға нұсқаулығын ұсынды. Нұсқаулыққа сай ауылдық елді мекендердегі жылжымайтын мүліктің бір шаршы метрінің құны 30 пайыздан 100 пайызға дейін көтерілген. Тіпті бұрын жылжымайтын мүлкі мүлдем қабылданбай келген елді мекендердің де мүлкі бағалана бастайды.
«Бұл – өте жақсы қолдау. Мысалы, Қазалы ауданына қарасты Әйтеке би кентіндегі жылжымайтын мүліктің бір шаршы метрі бұрын 49 мың теңгеден есептеліп келсе, енді 109 мыңға дейін қарастырылады. Осы аудандағы Мұратбаев ауылында бұрын 36 мыңнан бағаланса, енді 64,5 мың теңге болды. Дәл осылай өңірдің 267 елді мекеніндегі жылжымайтын мүлікті бағалау құны өсті», – дейді Кәсіпкерлер палатасы Агроөнеркәсіп кешені бөлімінің басшысы Алма Пірманова.
Осы мәселеге қатысты кәсіпкерлерден сұрақ туындаған жағдайда Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына хабарласуына болады. Байланыс телефоны 8 /7242/ 40-09-81. Жауапты маман Агроөнеркәсіп кешені бөлімінің сарапшысы Абзал Шәмшиев.