Қазақстанның жаңа саяси-әкімшілік картасы шығарылды – ОКҚ брифингі.
Оның айтуынша, Қазақстанның саяси-әкімшілік картасы 1:1,5 млн масштабымен жасалды, Қарағанды, Алматы және ШҚО карталары жаңартылды, сондай-ақ Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының 1:1 млн масштабтағы карталары әзірленді.
«Сондай-ақ 1:25 мың масштабымен Қарағанды, Семей, Өскемен қалаларының жоспар-схемалары және 1:10 мың масштабымен Жезқазған, Қонаев, Талдықорған қалаларының жоспар-схемалары жаңартылып дайындалды», – деп түйіндеді ЦДИАӨМ вице-министрі.
Комитет төрағасының айтуынша, тақырыптық карталарды жасаудың технологиялық процесі бірнеше кезеңнен тұрады. Бастапқы кезеңде картаның сипаты, оны пайдалану мақсаты айқындалады. Карталарға талдау және кезекшілік карталардан тиісті мәліметтер алынып, жинақтау жұмыстары жүргізіледі.
«Келесі кезең – редакциялық дайындық жұмыстары. Бұл тұрғыда картаның орналасу макеті дайындалады және Қазақстан Республикасының мемлекеттік каталогына географиялық атауларын сәйкестікке салыстыру жұмыстары жүргізіледі. Әкімшілік-аумақтық бірліктерінің шекаралары оны жергілікті атқарушы органдарға келісуге жіберіледі», – деді Қ. Бекмұқашев.
Дайын карта редакциялық бақылаудан өткен соң сараптамаға жіберіледі. Сараптамадан өткеннен кейін карталар басып шығарылады, дейді спикер.
«Бұл ауқымды жұмысты бізге бағынысты кәсіпорынның білікті мамандары атқарады. Бұл жұмысты істеу үшін белгілі бір білім керек, білікті мамандармен бұл жұмыстар атқарылды», – деді комитет төрағасы.
Содан кейін дайын карталар мүдделі мемлекеттік органдарға таратылады. Қ. Бекмұқашев бұл карталардың тек мемлекеттік органдарға ғана емес, сонымен қатар жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызмет арқылы ақылы негізде қолжетімді екенін жеткізді.
«Жасалған тақырыптық карталарға сұраныс бар. Жыл басынан бастап бүгінге дейін мемлекеттік органдардан 50-ге жуық, ал жеке және заңды тұлғалардан 200-ден астам өтінім келіп түсті», – деп түйіндеді ол.