Бүгін Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің екінші отырысы өтті.

Отырыстың модераторы – Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, қоғам қайраткері Нұрмұрат Ерманов болды. Іс-шараға облыстық, қалалық, аудандық Ақсақалдар кеңестерінің төрағалары мен мүшелері қатысты.

Кеңес отырысында аймақтағы азық-түлік және алғашқы қажетті тауарларға баға нарығының өсу себептері және бағаны тұрақтандыру, жыл көлеміндегі жүргізіліп жатқан әлеуметтік бағдарламалар туралы мәселелері талқыланды.

Шарада облыстық сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Ерқасым Сүлейменов, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қызылорда облысы департаментінің басшысы Ерсін Орынбаев, ауылшаруашылық басқармасынан азық-түлікпен қамтамасыз ету бөлімінің маманы Әлия Спандиярова және облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаева баяндама жасады.

Баяндамашылардың сөздерінен кейін кеңес мүшелері маусымаралық кезеңде көкөніс бағасының күрт өсуін болдырмауға және өз өңіріміздің шығатын күріш бағасын тұрақтандыру мәселелерін қозғады. Осы ретте бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қызылорда облысы департаментінің басшысы Ерсін Орынбаев айтуынша облыс бойынша 400-ден астам күріш шаруашылығымен айналысатындар, 30-ға жуық күрішті  өңдейтін мекемелер бар.

-Сол күрішті өңдейтін 6 мекемеге арнайы тергеу, тексеру жұмыстарын жүргіздік. Біз тексеру жүргізерден бұрын күріш бағасын түсіру туралы хабарлама берген болатынбыз. Хабарлама орындалмауына байланысты хаттама толтырылып, сотқа жүгіндік. Жалпы алғанда 70 млн. теңге айыппұл салынды. Тұз бағасы да көтерілді. «Арал тұз» компаниясына 170 млн. теңге айыппұл салынды. Сот процесі жүріп жатыр, – деп атап өтті.

Ал кеңестің мүшесі Мамыр Байдәулетов әсіресе жастарға табиғи өнімді көбірек тұтынуға кеңес берді. Тұтынып қана қоймай, қара жерді өз игіліктеріне пайдаланып, масылдықтан арылып, еңбекқор болуға шақырды. Отырыс соңында ұсыныстар айтылып, пікірлер тыңдалды.

БӨЛІСУ