Мәжілісте Қазақстандағы діни ахуал мәселелерін талқылаған Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысы өтті. Оған комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов жетекшілік етті. Жиынға депутаттармен қатар, Бас Прокуратура, ҰҚК, министрліктер мен Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы өкілдері және сарапшы мамандар қатысты. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жалпы ағымдағы кезеңде еліміздегі діни ахуал тұрақты деп сипатталған. Бірақ Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев ахуалға лаңкестік шабуыл немесе террорлық акт болса ғана ден қою жеткіліксіз екенін айтты. «Қоғамның радикалданып кетпеуіне қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар тіптен қарын аштырады. Өйткені жауапты органдар мәселенің тек салдарымен күресуде. Осы отырысқа арнайылап барлық өңірдегі әкімдіктерден ақпарат сұраттық. Сөйтсек, ШҚО, Абай облысы, Жетісу облысы мен Ұлытау облысында дін істері басқармалары атымен жоқ екен. Сонда ол жақтағы радикалды ағым өкілдерімен кім күресіп, кім оңалтып жатыр?» – деген Нартай Сәрсенғалиев дін істері басқармасы бар өңірлерде де жағдай оңып тұрмағанын атап өтті. Талқыланып отырған тақырып бойынша Ақпарат және қоғамдық даму, Оқу-ағарту, Ішкі істер министрлігі өкілдері баяндама жасады. Олар статистикалық мәліметтермен қатар, дін саласындағы мемлекеттік саясатты реттеу бойынша қолданылатын шаралар мен ұсыныстарына тоқталды. Экология және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин теріс ағымдарға заңмен тыйым жасау қажеттігін жеткізді. «Мылтыққа – мылтықпен, зеңбірекке – зеңбірекпен қарсы шығасың, сол секілді идеологиялық қарумен – идеологиялық қару арқылы күресу қажет. Бұған ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрді, өзіміздің ханафи мазхабындағы діни бағытымызды қоюымыз керек. Мысалы, Қожа Ахмет Яссауи, Абай, Шәкәрім, Бекет ата. Олардың ілімі болды, олар адасқан емес. Соны қазір біз мектеп, мешіттерде, оқу орындарында, тіпті мемлекеттік органдарда неге насихаттамаймыз? Мемлекеттік қызметшінің білім-білігіне мән береміз, ал рухани мәселесі кенже қалып қояды. Сосын бізде жемқорлар, пара алушылар пайда болады», – деді Е.Жаңбыршин. Депутат дін мен экстремизм, терроризм сөздерін біріктірмеуді, осы саладағы терминдерді қайта қарауды баса айтты. «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Назарбаев орталығы» КЕАҚ Діни ахуалды талдау және мониторинг департаментінің директоры Талғат Жақиянов Мәжілісте Әлеуметтік-мәдени даму комитеті жанынан тұрақты түрде дін мәселелерін қарайтын комиссия құруды ұсынды. Жиын қорытындысында Асхат Аймағамбетов дін саласындағы мемлекеттік басқару және реттеу мәселесін шешу бойынша бірқатар мәселені алға қойды. «Үкімет жанындағы комиссияның әлеуетін тиімді қолдану, дін саласындағы мемлекеттік саясатты заңнамалық, ғылыми-теориялық, бағдарламалық жетілдіру мәселесі күн тәртібінде. Жоғарыда айтқан төрт өңірде дін істері бойынша басқарманы ашу қажет деп санаймыз. Зиянды ақпаратты тарату бойынша да жауапкершілік керек. Қазір қазақ тілінде жұмыс азды-көпті болса да басталды. Бірақ орыс тілінде ақпарат жеткіліксіз. Тиісті әдебиетті экспертизадан өткізу бойынша да жұмыс ақсап тұрған сияқты. Мемлекеттік органдар айтылған мәселелер бойынша ұстанымдарын бізге екі аптаның ішінде берсін. Қажет болса, депутаттар өзіміз бастамашылық етіп, заңнамалық тұрғыда реттеуге дайынбыз», – деді А.Аймағамбетов.
2023-05-19