Қай кезде болмасын полиция қызметкерлері антына адал, азаматтардың тыныштығын сақтап, көмекке келуге әзір. Осы қиын да қатерлі қызмет жолында өз өмірлерін құрбан еткен полицейлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Олардың кәсіби қасиеттері, ант пен таңдалған өмір жолына адалдығы құрметке ие.
Небәрі 25 жасында ерлік көрсетіп, бейбіт күннің батыры атанған азаматтың бірі – Қызылорда облысы Шиелі аудандық ішкі істер бөлімінің бұрынғы учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Талғат Қозыбаев. Ол ерлікпен қаза тапқан соң, ел Президентінің Жарлығымен ІІ дәрежелі жауынгерлік «Айбын» орденімен марапатталды.
Сондай – ақ, қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан Талғат Қозыбаевтың есімі Сырдария ауданының Мәлібаев ауылындағы көшелердің біріне берілді. Оның оқыған № 131 орта мектебінің ауласында ескерткіш орнатылып, мектепке аты берілді.
Бүгін міне, Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Аблазимов Махсудхан Нұғманұлы Сырдария ауданындағы жұмыс сапары барысында бейбіт өмірде өз өмірін қиып ел азаматын қорғап қалған, елінің каhарманы Қозыбаев Талғаттың мектеп алдындағы ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды. Талғат Қозыбаевқа арналған «Ерлік бұрышымен» танысты.
Сонан соң Махсудхан Нұғманұлы Қозыбаев Талғаттың шаңырағына ат басын тіреді. Талғатты тәрбиелеген Есентай ағаның жағдайын сұрап, жылы лебізі мен шексіз алғысын білдірді. Бүгінде отбасының ақылшысы, батагөйі әрі қамқоршысы Есентай аға шөбересін бағып отыр. Немересі Алмат Сырдария аудандық полиция бөлімінің аға тергеушісі болып абыройлы қызмет атқаруда.
Осылайша, қызметіне адал, антына берік, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында мерт болған қайсар тәртіп сақшысы Талғат Қозыбаевтың ерлігіне тағзым жасалды. Өз өмірін бейбіт халықтың тыныштығы жолында құрбан еткен полицейдің қайсарлығы, батылдығы, ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі болмақ. «Адамзаттың өмірін аман сақтаймын деп, антына берік, еліне адал қызмет барысында өзгенің өмірі үшін жанын қиған әріптестеріміздің ерлігі мен батырлығы біздің есімізде мәңгі сақталады. Бүгінгі полицейлер үшін оның ерлігі патриотизм мен жанқиярлықтың үлгісі» деді Махсудхан Нұғманұлы.
2023-05-19