Білім ұйымдары балаларды буллингтен қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асырады – Оқу-ағарту министрлігі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан балаларды буллингтен қорғау бойынша қолға алынған шаралар туралы айтып берді.
«Жәбір көрген кәмелетке толмағандарға психологиялық қолдау көрсету, әлеуметтік оңалту шаралары іске асырылып келеді. Мінез-құлқында өзгерістер бар, ерекше назар аударуды қажет ететін балаларды уақытылы анықтап, оларға дер кезінде психологиялық, моральдық, әлеуметтік көмек көрсету үшін орта білім беру ұйымдарында мектепішілік есепке алу әдістемесі жұмыс істеуде. Қазірдің өзінде 6 мыңнан аса осындай бала есепке алынып, қолдау шаралары көрсетілуде», – деді вице-министр.
Ол биылдан бастап буллингтің, зорлық-зомбылықтың алдын алу тақырыбында 80 сағаттық педагогтердің біліктілігін арттыру курстары жүргізіліп жатқанын айтты. 5-11 сынып аралығында балалардың медиа сауаттылығын көтеру мақсатында «Жаһандық құзыреттілік» курсы аясында арнайы тақырыптар өткізіледі.
«Бұл балалардың жалпы әлемдегі өзгерістерді түсінуіне, интернетте жұмыс істеу тәсілдерін, медиа сауаттылығын арттыруға, балаларға төнуі мүмкін қауіп-қатерлер туралы ақпарат беруге үлкен көмек болады», – деді спикер.
Сонымен қатар, оның айтуынша, ата-аналарға әлеуметтік желілерде, оның ішінде TikTok қосымшасын балалардың қауіпсіз пайдалануына үйрететін атан-аналық бақылау тетіктері туралы кеңес беретін вебинарлар ұйымдастырылуда.