Мемлекет басшысы Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығының іргетасын қалау рәсіміне қатысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аясында Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығының іргетасын қалау рәсіміне онлайн режимде қатысты.
– Еліміз соңғы 15 жылда бұл салаға 35 миллиард доллар инвестиция салды. Ляньюньган портында қазақ-қытай логистика орталығын құрдық. Жаңа теміржол бағыттарын аштық. «Қорғас – Шығыс қақпасы» құрғақ порты жұмыс істей бастады. Каспий теңізінде заман талабына сай инфрақұрылым жасалды. Осы шараларды жүзеге асырылып жатқан жұмыстың бір бөлігі деуге болады. Былтыр екі ел арасында теміржол арқылы 23 миллион тонна жүк тасымалданды. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Биыл бірінші тоқсанда жүк транзиті 35 пайызға артып, 7 миллион тоннадан асты. Біздің ынтымақтастығымыз мұнымен шектелмейді. Алыс-берісті одан әрі дамыту үшін қосымша инфрақұрылым қажет. Сондықтан қытайлық әріптестермен бірге Сиань қаласындағы құрғақ портта логистика орталығын салу керек деген шешім қабылдадық. Бұл хаб Шэньси аймағын Қазақстанмен, Орталық Азиямен байланыстырады. Әрі қарай Еуропаға, Түркияға және Иранға жол ашады. Жобаның толық іске қосылуы екі елдің ынтымақтастығына тың серпін береді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар рәсім барысында Сиань қаласы әкімінің міндетін атқарушы Е Нюпин мен «ҚТЖ «ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев сөз сөйледі.
Келесі жылдан бастап құрғақ порт арқылы электроникаларды, компьютер бөлшектерін, автомобильдер мен автобөлшектерді, тоқыма бұйымдарын, киім-кешек, аяқ киім мен аксессуарларды, азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдерін, құрылыс өнімдері мен құрылыс материалдарын, сондай-ақ рудаларды, металдарды және химиялық өнімдерді тасымалдау жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев JD.com электронды коммерция алаңында Қазақстанның ұлттық павильонын салтанатты түрде ашу рәсімінде сөйлеген сөзінде бизнесті онлайн-кеңістік арқылы жүргізу әлем экономикасының маңызды бағытына айналғанын айтты.
– Қазір электронды сауда нарығының көлемі 3,5 триллион долларға жетті. Бұл үдеріс жыл сайын артып келеді. Халықаралық онлайн сауда-саттықты дамыту ісінде Қытай өте маңызды рөл атқарады. Бүгін әлемдегі аса ірі электронды сауда алаңында Қазақстанның ұлттық павильоны ашылады. Бұл қадам екі елдің алыс-берісін жандандырмақ. Былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 31 миллиард долларға жетті. Біз мұнымен шектеліп қалмаймыз. Электронды коммерция саласындағы әріптестікті одан әрі дамытамыз. Сонда екіжақты сауда айналымын жақын арада 40 миллиард долларға жеткізуге мүмкіндік туады. «Цифрлы Жібек жолы» бастамасы осы міндетті орындауға жол ашады, – деді Мемлекет басшысы.
JD.сom (Jingdong Mall) – Қытайдағы тауарлар мен қызметтер сатуға арналған ең ірі онлайн платформа. 1998 жылы негізі қаланған онлайн ритейл алаңының 400 миллионнан астам пайдаланушысы бар. 2022 жылы JD.com 1 триллион юань таза пайда тауып, Қытайдағы электронды сауда алаңдарының арасында бірінші орынға шыққан. Қазіргі кезде платформада 40-тан аса елдің ұлттық павильондары жұмыс істейді. Қазақстанның ұлттық павильонын ашу жөнінде келісімге биыл наурыз айында қол қойылды. Бүгінде ұлттық павильонымызда еліміздің бірнеше өнім түрі сатылымға қойылған. Бұған қоса алдағы уақытта экспорттық әлеуеті жоғары 15 отандық азық-түлік өндірушісінің өнімдерін (күнбағыс майы, кондитер өнімдері, сусындар) Қытай нарығына шығару жоспарланып отыр.