ҚР Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырған экологиялық акцияға еліміздің жеті мыңнан астам орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты. Олардың қатарында педагогтер, ата-аналар, оқушылар мен студенттер, сондай-ақ Оқу-ағарту министрі, Экология және табиғи ресурстар министрі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, құрылымдық бөлімшелер мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары бар.

Естеріңізге сала кетейік, «Жасыл мекен» республикалық челленджі Астана уақытымен сағат 12:00-де басталды. Ақмола облысының №1 Қоянды мектебінің оқушыларымен бірге көшет отырғызуға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова қатысты.

ҚР Оқу-ағарту министрі республикалық іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, оқушыларды қоршаған ортаны қорғауға, еңбекқорлыққа шақырды.

«Бұл челлендждің негізгі мақсаты – барлық Қазақстан мектептеріндегі оқушыларды, ұстаздарды табиғатымызды аялауға, оны қорғауға және ең бастысы еңбекқорлыққа баулу. Көшет, жасыл-желек отырғызып біз еңбектенуді, туған жерге жанашыр болуды үйренеміз. Бұл дәстүрлі шараға ұласып, қоғам үшін үлгі болуы тиіс», – деді Ғани Бейсембаев.

Айта кетейік, экологиялық мәдениетті дамыту мен туған өлкенің табиғатын аялауға негізделген челлендж аясында ел бойынша 187 мың көшет,150 мың гүл егілді. Іс-шараға 9,10 және 11 сыныптардан 750 мыңға жуық оқушы қатысты. Челленджге атсалысқан 25 мыңға жуық педагог жас ұрпақты еңбекқорлыққа баулып, оларға үлгі көрсетті.

Республикалық деңгейде өткізіліп жатырған акцияға біздің өңіріміз де белсенді атсалысуда. Елорда уақытымен бір мезетте басталған челленджге 30 мыңға жуық оқушылар мен колледж студенттері қатысуда. Мұнымен қоса басқарма және білім бөлімдерінің басшылары да қатысып, оқушыларға үлгі көрсетіп, білім алушыларды қоршаған ортаға деген қамқорлықты насихаттауда. Экологиялық акция #оқуағарту #заботаоприроде #посадкадерева #жасылмекен #еңбекқорлық жалпы хештегімен өткізілуде», – деді облыстық білім басқармасының бас маманы Жадыра Шариева.

Айта кетейік, аталмыш акцияда облыс бойынша 295 мектептен 21 128 оқушы, 30 колледжден 7250 студент жалпы саны 12 мыңға жуық көшет отырғызуда.

БӨЛІСУ