1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай облыстық білім басқармасының қолдауымен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған республикалық «JULDYZAI» балалар шығармашылығы фестивалінің облыстық кезеңі өтіп, жеңімпаздар анықталды.

«Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен өткізілген байқаудың қорытынды кешіне қатысқан облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Шолпан Жүнісова жеңімпаз оқушыларды құттықтап, арнайы алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табыстады.

💬«JULDYZAI» фестивалі – ерік-жігерлері ерекше мықты балалардың өміріндегі жаңа баспалдақ. Жаймашуақ көктем күнінде облыстың әр түкпірінен келген өнерпаздарымыз өз өнерлері мен шығармашылық туындыларын ұсынатындығы бойымызға бір қуаныш сыйлап отыр. Мен бүгінгі шараға қатысқан барлық балаларға шексіз ризашылығымды білдіремін. Себебі, балалардың өнерінен өмірге деген сүйіспеншілік, күш-жігер, рух сезіледі. Осы биіктікті төмендетпеңдер, мен сендерге сенемін. Жарайсыңдар балалар!, – деді Шолпан Оралбайқызы.

Фестивалдің облыстық кезеңіне барлық аудандардан қатысқан 100-ден астам өнерлі балалар вокал, хореография, аспаптық орындау, әнді ым-ишара арқылы орындау секілді төрт номинация бойынша өнерлерін көрсетті. Сайыс нәтижесінде 59 өнерлі өрен жеңімпаз атанып, үздік деп танылған 5 бала Астана қаласында өтетін республикалық Гала-концертке жолдама алды.

Айта кетейік, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және қазақстандық қоғамда инклюзивті ортаны қалыптастыруға ықпал етуді мақсат тұтқан шара биыл 18-ші рет өткізілуде.

©Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі

БӨЛІСУ