15 мамыр – Халықаралық отбасы күні. Осыған орай аудандық іс-шаралар жоспары бекітіліп, 14 мәдени-көпшілік шара өткізу жоспарланған.

Оның ішінде, 14 мамыр күні «Махаббат марафоны» акциясы аясында 2 шақырым қашықтықта отбасылық жұптар арасында жүгіруден жарыс ұйымдастырылып, 50 отбасылық жұп бақ сынады. Жүлделі 3 орынға және 10 қатысушыға арнайы сыйлықтар табысталды.

Бүгін, яғни 15 мамырда «Жайлаудағы ауыл келіні» атты аудандық келіндер сайысы өткізілді. Сондай-ақ, аудан көлеміндегі мекемелер мен білім беру ұйымдарында кездесулер, дөңгелек үстелдер, конкурстар, таным сағаттары, сайыстар мен қайырымдылық акциялары өткізілуде.

#Отбасым, #Отбасы хэштегтерімен аудан көлеміндегі барлық әлеуметтік желілердегі парақшаларда отбасындағы тәрбиенің маңызы, жанұя татулығы, тағы да басқа отбасылық тағылымдық жайттар мен қызықты оқиғалар туралы посттар мен суреттер жариялануда. Бұл жөнінде Қазалы ауданы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов айтып өтті.

Брифинг барысында Дәурен Оңғарбайұлы отбасылық құндылықтар мен бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын насихаттауда ерекше орын алатын тағылымды шара – «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңіне құжат қабылдау ағымдағы жылдың 15 мамыр – 15 маусым күндері аралығында жүргізілетіндігін хабарлады.

БӨЛІСУ