Биыл облыстық жастар денсаулығы орталығына жүгінген жастардың саны былтырғы жылдың үш айымен салыстырғанда 58,5 пайызға өскен. Аталмыш орталыққа көбіне кеңес алу, емдеу-сақтыру, психологиялық тұрғыда көмек алу мақсатында жүгінеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жастар денсаулығы орталығының ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің дәрігері Сәуле Қауысова хабарлады.

-Бүгінгі күні облысымызда 14-28 жас аралығындағы жастардың саны -176,985. Бұл облыс тұрғындарының 26,7 пайызын құрайды. Осыған сәйкес, жастардың денсаулығын сақтау және психологиялық тұрғыда көмек беру мақсатында біздің орталықта белсенді іс-шаралар жүргізілуде. Облыстық жастар денсаулығы орталығы 3 құрылымдық бөлімнен тұрады және жалпы тәжірибелі дәрігерлер мен акушер-гинеколог, уролог, дерматовенеролог мамандар қызмет етеді. Ал психолог мамандардан кеңес алғандар саны – 2282 жасты құрайды. Жалпы психолог мамандардан кеңес алушылардың басым бөлігі нәзік жандылар. Ал тұрғылықты жері бойынша қала тұрғындарының үлесі басым. Көбіне 15-28 жас аралығындағы жастар психологиялық көмекке мұқтаж. Оларға тиісінше керекті ақыл-кеңес беру және түрлі мәселелерін шешуге көмектесу – біздің негізгі міндетіміз, – деді Сәуле Смағұлқызы.

Жалпы жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында, медицина мамандары аурудың алдын алуға байланысты жиі кеңес беріп тұрады. Жастар мен жасөспірімдер арасында аурудың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында облыс бойынша ағымдағы жылы 2495 іс-шара өткізіліп, шарада 75993 адам қамтылды.

Одан бөлек, «Дүниежүзілік денсаулық күніне» орай облыстық жастар ресурстық орталығында, Сыбаға, Айт-бек, Қорқыт сауда үйлерінде тұрғындар арасында «Репродуктивті денсаулық», «Дұрыс тамақтану», «Зиянды әдеттердің алдын алу», «Жұқпалы аурулардың алдын алу» тақырыптарында акция өткізілді. Акция барысында халық арасында қан қысымын, бой-салмақ өлшеніп, тақырыптық ақпараттық танымдық материалдар таратылды.

Басқармаға қарасты медициналық ұйымдарда әр бейсенбі сайын стационарлық деңгейде дәрілік заттардың қалдық қорына мониторинг жүргізіліп отырады.  Нақты себепсіз дәрілік заттардың жеткіліксіздігі жоқ.

 «Қазақстан Республикасының белгілі бір аурулары бар азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін бекіту туралы» Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген тізімге сәйкес, диспансерлік есепте тұратын науқастарды дәрілік заттармен қамтамасыз ету бір жолға қойылған. Амбулаториялық деңгейде ТМККК шеңберінде ересек тұрғындарға 50 түрлі ауру түрімен  және 18 жасқа дейінгі балалар үшін 73 түрлі ауру түрімен 402 атау бойынша дәрілік заттар, медициналық бұйымдар және мамандандырылған емдік өнімдер тегін қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, Қызылорда облысы мәслихаты шешімімен 27 ауру түрі бойынша 300-ге жуық науқас қосымша тегін дәрілік затттар берілуде.

БӨЛІСУ