Бүгін Қызылорда облысының ҮЕҰ ресурстық орталығында, бекітілген жоспарға сәйкес облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Мақсат Шәкірбаев пен Үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің кездесуі ұйымдастырылып, азаматтық қоғам мүшелерінің бірқатар өзекті сауалдарына жауап берілді.

Кездесуге облыстық «Қызылорда-Невада-Семей» қоғамық бірлестігі, РҚБ «Ерекше балалардың ата-аналар одағының» Қызылорда қаласындағы филиалы, «Қызылорда облысы бойынша Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығыстарды реттеуге қатысқан, қимылдарының ардагерлері» қоғамдық бірлестігі, «Жаңа серпіліс» қоғамдық қорының және т.б. бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың төрағалары мен жетекшілері қатысып, еркін ой-пікір алмасу форматында жиын өтті.

Үкіметтік емес ұйымдар азаматтық қоғамның ең белсенді мүшелері бола отыра, мемлекет пен азамат арасындағы сұхбатты жүзеге асырады. Бүгінгі кездесуде Мақсат Сәмитұлы өз қызмет барысымен таныстырып, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар мен олардың Заңда көрсетілген құқықтары мен міндеттеріне тоқталып өтті. Өз қызметінде мемлекеттік тәртіпті нығайту және әдеп бұзушылықтарына жол бермеу мәселелеріне ерекше назар аударуды және қоғам арасында мемлекеттік қызметшілер жіберетін қателіктер мен мемлекеттік тәртіпті нығайтуға бірге атсалысуға шақырды.

Бірқатар үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қызметтік міндетін асыра пайдаланатын мекемелерге тексеріс жүргізу, қызметкерлерін заңсыз жұмыстан шығару, мемлекеттік мекемелердегі моральдық-этикалық нормаларды сақтамайтын мемлекеттік қызметкерлерге тәртіптік жаза көру бойынша сауалдарын жолдады. Алдағы уақытта мемлекеттік билік пен азаматтық қоғамның байланысын нығайтып, жүйелі жұмыстар жүргізуге қос тарап та мүдделестік танытты.

БӨЛІСУ