Адам саудасына қарсы күрес – еліміздің адам құқықтарын қорғау саласындағы басым міндеттерінің бірі. Осы бағыттағы құқық бұзушылықтың жолын кесу мақсатында Ішкі істер министрлігі Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйыммен бірлесіп, адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде форум ұйымдастырды.
«Қазақстан Республикасында адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын таныстыру және осы саладағы халықаралық стандарттар мен шетелдің үздік тәжірибелерін талқылауға арналған жиынға Президент Әкімшілігі өкілдері, депутаттар, ғылыми қоғамдастық, халықаралық, үкіметтік емес ұйымдар және мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Олар аталған заң жобасымен қатар ІІМ Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз ету тұжырымдамасы арқылы адам құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелерін жан-жақты талқылады.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов еліміз әлемдегі адам құқықтары саласындағы 60-тан астам шарттың толыққанды қатысушысы екенін атап өтті. Ол шарттардың 13-і – қазіргі заманғы құлдық түрлеріне тікелей қатысты құжаттар. Министрдің айтуынша, бұлардан бөлек осы саладағы іс-әрекеттер көптеген заңдармен және мемлекеттік органдардың бұйрықтарымен реттеледі.
– Адам құқықтары саласындағы заңдық құжаттар бүгінгі күнге дейін шашыраңқы болып келді. Құрбандарды былай қойғанда, мемлекеттік органдардың қызметкерлері де толыққанды құқықтық ақпаратқа ие емес еді. Жауапкершілік жүгі де анық жазылмаған. Тіпті уәкілетті органдар мен олардың құзыреттілігі де нақтыланбаған болатын. Осы кемшілікті жою мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен министрлік «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын әзірледі, – деді Марат Ахметжанов.
ІІМ басшысы берген мәліметке қарағанда, жоба 6 тараудан және 22 баптан тұрады. Жаңа құжатта адам саудасына қарсы күрестегі халықаралық тәсіл – 4 Пи (Р) тұжырымдамасы басшылыққа алынған. Олар: серіктестік, ескерту, қудалау және жәбірленушілерге көмек тұжырымдары.
– «Серіктестік» бағыты бойынша тұңғыш рет заң деңгейінде ІІМ мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан уәкілетті органдар айқындалады. Олардан басқа мемлекеттік органдардың, ҮЕҰ-ның, мемлекеттік емес коммерциялық заңды тұлғалардың функциялары бекітіледі. «Ескерту» бағыты бойынша адам саудасының алдын алу жұмыстарына баса назар аударылмақ. Осы қылмысқа алып келетін тәуекелдер зерделеніп, құқық бұзушылыққа ықпал ететін себептерді іздеу бойынша зерттеулер жүргізіліп, оларды жоюға бағытталған шаралар қабылданады, – деді Ішкі істер министрі.
Марат Ахметжанов «Қудалау» бағыты бойынша қылмыстық заңнамаға адам саудасына қатысты барлық қылмыстар, соның ішінде мәжбүрлеп еңбекке салу, жыныстық қанау және адам ағзаларын алумен байланысты құқық бұзушылықтардың жауапкершілігін көздейтін сілтеме нормасы енгізілетінін айтты. Ал «Жәбірленушілерге көмек» бойынша қылмыстық іс қозғалған-қозғалмағанына қарамастан «адам саудасының құрбаны» ұғымы заңды түрде анықталмақ.
– Сонымен бірге заңдардың ілеспе жобалары әзірленді. Атап айтқанда, «Неке және отбасы туралы» кодексте жаңа туған нәрестелердің, жетім балалардың және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау күшейтіледі. Қылмыстық кодекске адам саудасына байланысты қылмыстардың жаңа санаты енгізіледі. Ал Қылмыстық іс жүргізу кодексі жәбірленушінің арнаулы әлеуметтік қызметтер алу құқығымен толықтырылады, – деді министр.
Оның айтуынша, адам саудасы қылмыстары қазір тек біздің елімізді ғана емес, әлемнің барлық мемлекетін алаңдатып тұр. «Жыл сайын елде осындай 100-ден астам қылмыс тіркеледі. Жыл басталғалы бері 65 құқық бұзушылық тіркеліп, ұйымдасқан қылмыстық топ анықталып, қызметі тоқтатылды», деді ол.
Форум барысында ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов «Қазақстан Республикасында адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын толықтай таныстырып шықты. Сонымен бірге үкіметтік емес ұйымдар тарапынан «Сана Сезім» қоғамдық бірлестігінің директоры Шахноза Хасанова «Қазақстан Республикасындағы адам саудасы жағдайына шолу: үкіметтік емес ұйымдардың тәжірибесі», Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым өкілі Виктория Климова «Адам саудасымен байланысты әрекеттерден зардап шеккен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау – құқықтық мемлекеттің маңызды негізі» тақырыптарында баяндама жасады.
Жиында басқа елдерде қолға алынған адам саудасына қарсы күрес бағытындағы халықаралық стандарттар мен үздік тәжірибелер талқыланды. Қатысушылар осы саладағы құқық бұзушылықтарды анықтау және алдын алу бойынша ақпараттық жұмысты, профилактикалық іс-шараларды жалғастыру қажеттігі туралы пікір алмасты.
ЕСКЕНДІР ЗҰЛҚАРНАЙ