Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев ҚХР-ға ресми сапары аясында Бейжіңдегі бизнес-форумға қатысты. Іс-шара ауылшаруашылығы азық-түлік жүйелері өтіп жатқан трансформациялар және өңірдің АӨК-де қалыптасқан трендтерді талқылауға арналған алаңға айналды.

Қытай бүгінде ауылшаруашылық өнімдерінің ең ірі экспорттаушысы болып табылады, сондай-ақ озық аграрлық технологияларға ие. Алайда, Қазақстан мен Қытайдың аграрлық саладағы серіктестігінің әлеуеті іске асырылмай жатыр, деп атап өтті министр.

Біздің еліміз аграрлық секторға инвестиция салу үшін көптеген мүмкіндіктер ұсынады. АӨК-де инвестициялық жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік қолдау шаралары, оның ішінде салалық жеңілдіктер мен салықтық преференциялар көзделген, бұған қоса субсидиялау құралдары қолданылады.

Осыны негізге ала отырып, Ербол Қарашөкеев қытайлық бизнесмендерді Қазақстанға келіп, ауыл шаруашылығы саласының технологиялық мүмкіндіктерімен танысуға, одан әрі қазақстандық әріптестермен бірлескен жобаларды ісе асыру үшін АӨК-дегі қажетті орынды айқындауға, сондай-ақ Қазақстанда бірқатар табысты кәсіпорындар ашқан қытайлық бизнесмендердің тәжірибесімен танысуға шақырды.

Сондай-ақ, АШМ басшысы министрлік өз тарапынан инвесторлар үшін барлық қажетті жағдайларды ұсынуға және жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.

Айта кетейік, бизнес-форумға 20-дан астам қытайлық азық-түлік, фармацевтика, сондай-ақ АӨК жабдықтарын шығаратын жетекші компаниялардың өкілдері қатысты.  Олардың ішінде ҚХР-дағы ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын ірі корпорацияларының бірі Jiangsu Yueda Intelligent agricultural Equipment Co., Ltd, мал шаруашылығы саласындағы жетекші «Фу Хай»  компаниясы, сондай-ақ әлемдегі ірі суару жабдықтарын жеткізуші Dalian Yulin компаниясы және т.б. бар.

БӨЛІСУ