Бүгін, 12 мамыр күні қалалық мәслихаттың кезектен тыс ІІІ-сессиясы өтті.

Сессия отырысына мәслихат төрағасы И.Құттықожаев, тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысына қалалық мәслихаттың коммуналдық-шаруашылық және қала инфрақұрылымы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Д.Абизов төрағалық етті. Сессия отырысына қала әкімі А.Шаменов қатысып, қалада атқарылып отырған жұмыстармен бөлісті.

Сессияның күн тәртібінде «2023-2025 жылдарға арналған кент және ауылдық округтердің бюджеттері туралы», «2022 жылға арналған қалалық, кент және ауылдық округтердің бюджеттерінің атқарылуы туралы есептерді бекіту», «Мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарды өндіріп алу тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы», «Қызылорда қаласы бойынша коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын бекіту туралы» мәселелері енгізіліп, талқыланды.

Күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты, қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлнар Баймаханова, қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы К.Құрақбаева, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ж. Файзуллаев хабарлама жасап, депутаттардың сауалдарына жауаптар берді.

Бюджет жобасына сәйкес, кент және ауылдар бойынша көшелерді орташа жөндеу, қиыршық тас төсеу, көшелерге қайта жаңғырту және түнгі жарық бағаналарын орнату жұмыстарының жоба-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге, балалар ойын алаңдарын ағымдағы жөндеу жұмыстарына, автобус аялдамасын орнатуға, гибридті почта қызметін ұйымдастыруға және басқа да мақсаттарда қаржы қаралды.

Сонымен бірге, сессияда тиісті заңнамаға өзгерістер енгізілуіне байланысты, «Мүгедек балалар» деген сөздер «Мүгедектігі бар балалар» деген сөздермен ауыстырылып, мәслихат шешімі қайта қабылданды.

Сонымен бірге, депутаттар тарапынан алдағы уақытта бюдет жобасына депутаттардың ұсыныстарын тұрақты енгізіп отыру, су тапшылығының ықтималдылығын ескере отырып, жазғы мезгілде ауыз судың үнемделуін бақылауда ұстау, қалада салынып жатырған мәдениет үйлері, жол құрылыстарының мерзімінде аяқталуы мәселелеріне қатысты ұсыныстарын білдірді.

Депутат Б. Кәрімова 2022 жылға арналған қалалық бюджеттің атқарылуы туралы мәселесіне байланысты алдын-ала жазбаша бірнеше сауал жолдап, оған қатысты қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Г.Баймаханова түсіндірме берді.

 Сессияға қала әкімінің орынбасарлары Ж.Сейілов, Ғ.Еркебай, Д.Ермеков, аппарат басшысы Ж.Абатов, қалалық дербес бөлімдер мен мекемелердің басшылары, кент және ауылдық округтердің әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

БӨЛІСУ