Бүгін – Халықаралық мүгедектер құқығын қорғау күні. Бұл – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын қорғау мәселесіне қалың жұртшылықтың назарын аудару үшін қолға алынған игі бастамалардың бірі.

Жалпы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, қазіргі таңда әлемде мүгедектігі бар адамдардың саны 1 млрд-тан асады. Бұл көрсеткіш жер бетіндегі халықтың 15 пайызына жуығын құрайды. Оның ішінде 100 млн-нан астамы балалар екенін атап өткен жөн.

Аталған мәселе біздің еліміз үшін де өзекті. Бүгінде Қазақстанда 700 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат болса, оның 14 пайызға жуығы 18 жасқа дейінгі балалар.

Жалпы, ағымдағы жылы әлеуметтік төлемдерге, оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерді қамтамасыз етуге 448 млрд теңге бағытталды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға артық. Елімізде мүгедек адамдардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар іске асырылуда.

Ұлттық жоспар 7 бағытты қамтитын 64 іс-шарадан тұрады, ол мүгедектік профилактикасы мен алдын алу, білім алуға қолжетімділік, кедергісіз орта, жұмыспен қамту, тиімді оңалту, әлеуметтік қызметтер және қоғамдық сананы жаңғырту мәселелері.

Оңалту болжамы қолайсыз адамдар үшін мүгедектік мерзімі 5 жылға дейін ұзартылды, бала 5 жылға немесе ол 16 жасқа толғанға дейін мүгедек деп танылатын көрсетілімдер кеңейтілді.

Шын мәнінде, бұл санаттағы азаматтарға өз құқықтарын қорғау оңай емес. Олар көбіне осы бағытта түрлі кедергілер мен қиындықтарға тап болып жатады. Сондықтан инклюзивті қоғам құру, мүгедектігі бар адамдардың денсаулығын сақтау, оларды сапалы біліммен және жұмыспен қамту мәселелері үнемі Мемлекет басшысының назарында. Бұл бағыт еліміздегі әлеуметтік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін де айта кеткен абзал.

Бүгінге дейін Қазақстанда осы салада ауқымды жұмыс атқарылды. Десек те, алдымызда одан да зор міндеттер тұр. Сондықтан қазір Сенат инклюзия мәселелері жөніндегі арнайы заң жобасына бастамашылық жасау жұмыстарын қолға алды. Мұндай құжат мүгедектігі бар азаматтарымыздың құқығын қорғауды одан әрі күшейте түсері сөзсіз.

Халқымыз «келісіп пішкен тон келте болмас» дейді. Сол себепті, мүдделі тараптарды инклюзивті қоғам құру жолындағы осындай игілікті іске белсенді қатысуға және өздерінің ұсыныс-пікірлерін білдіруге шақырамыз.

Мәулен Әшімбаев

ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

БӨЛІСУ