Бүгін «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы «Talqylau» диалогтық алаңында «Miras» аймақтық қоғамдық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда ұрпақ тәрбиесі талқыланды.

Басқосуға «Мирас» кеңесінің мүшелері, аймақтағы ата-аналар комитеті өкілдері, Қызылорда қаласындағы мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары өкілдері қатысты.

Диалог алаңындағы кездесуді ашқан партия филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова күн тәртібіндегі өзекті мәселеге қатысты ортақ жүйелі жұмысты қолға алып, нақты жоспарлы жұмыс бастау туралы ұсынысын айтты.

Баланың тұлға болып қалыптасуындағы қоғамның рөлі төңірегінде «Miras» аймақтық қоғамдық кеңесінің төрағасы, философия ғылымдарының докторы Б.Қожамберлиев, балалардың тәрбиесіндегі қазіргі әлеуметтік желілер мен БАҚ рөлі жайында «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы, кеңес төрағасының орынбасары С.Бихожаева, бала тәрбиесіндегі отбасының оның ішінде әкелердің рөлі туралы облыстық әкелер кеңесінің төрағасы, «Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау» мәселелері жөніндегі аймақтық кеңесінің мүшесі Е. Есенбаев, балалар тәрбиесінде ұлттық тәрбие, салт-дәстүрдің рөлі журналист, кеңес мүшесі А.Шалғынбаева, мектептердегі психологтардың рөлі туралы психолог, 100 жаңа есім жобасының жеңімпазы, «Сенімен Болашақ» қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалы психологы С.Абдрахманова, балалар тәрбиесіндегі мектеп пен ұстаздардың рөлі Серәлі Лапин атындағы №261 мектебінің директоры Қ. Әбдірахманова хабарламалар жасап, өз пікірлерін білдірді.

Отырыста көптеген өзекті мәселе талқыланып, ұсыныстар берілді. Сондай-ақ партия филиалының да арнайы дайындаған ұсыныстары айтылып, хаттамаға енгізіліп, республикалық кеңеске және жергілікті атқарушы органдардың назарына ұсынылады. Көтерілген мәселелер партия филиалының әрдайым бақылауында болады.

БӨЛІСУ