Бүгін Қызылорда қаласында өткен «Исламдағы сопылық ілімі: мәні мен маңызы» атты республикалық ғылыми-танымдық конференцияда ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы баяндама жасады. ҚМДБ Төрағасының баяндамасы сопылық ілімінің түпкі мағынасына арналды.

«Бүгінгі конференциямыздың мақсаты – бабалар ұстанған рухани жолды жалғау, оның ішінде сопылық ілімінің маңызын жеткізу. Өйткені сопылық ілімі – рухани жол, тәрбие мектебі. Сондай-ақ сопылық, яғни ихсан ілімі Ислам дінінің үш негізінің бірі болып саналады. Кейбір дінді таяз түсінгендер сопылықты «дүниеден безу, шынайы қоғамнан алшақтау, адамзат дамуының тежегіші» деп санады. Әрине, бұл теріс пікір. Негізінде сопылық ілімін – Ислам дінінің шынайы мәні, мәйегі һәм рухы деп айтсақ болады.

Хакім Абай сопылық туралы: «Бұл жол бек шетін (қиын), бек нәзік жол. Бұл жолда риясыз, жеңілдіксіз бір қарар тұрып іздеген кісі ғана істің кәмәләтына жетпек», – дейді. Ал қазақтың ақыны Әбубәкір Кердері бабамыз «Сопылық жол – ауыр жол, ұстансаң оны – тәуір жол. Сопылықты ұстансаң, оқыған көп ғалым бол!» – деген екен. Бұдан шығар қорытынды бабаларымыз осы сопылық жолдан алыс болмаған дей келе сопылық бізді көркем мінезді болуға, рухани тәрбиесі толысқан адам ретінде тәрбиелейді.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мен үшін сендердің ең жақсыларың – көркем мінезділерің», – деді. Демек сопылық жолды ұстана отырып, біз өзімізді көркем мінезге жетелейміз, ал көркем мінез иелері қияметте таразысы ауыр тартатын бақытты жандар.

Қорыта айтқанда, Ислам дегеніміз – құлшылық, Иман дегеніміз – кәміл сенім, ал Ихсан дегеніміз – адам баласының өзін-өзі бақылауда ұстап, рухани кемелдікке жетуі. Осы үш жол біздерді туралыққа бағыттайды. Сопылықтың негізі – Алла Тағалаға деген құлшылықты кемеліне жеткізу, бар өмірін Алланың ризалығына ғана арнау. Міне, сондықтан да Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларды ең алдымен жүректі түзеуге шақырды» деді Бас мүфти өз баяндамасында.
Айта кетейік бүгінгі ғылыми-танымдық конференцияда Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, Шәмшәдин Керім, Досай Кенжетай, белгілі ғалым Бағдат Кәрібозов, Талғат Жолдасұлы сынды ғалымдар тың мәліметтерді ортаға салды.

БӨЛІСУ