2022 жылдың 22 желтоқсанында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қол қойды. Бірақ ол ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң, яғни 3 наурыздан бастап әрекет ете бастады. Банкроттық туралы заң рәсімнің үш түрін көздейді, олар – соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Бүгін осы сот арқылы қаралатын екінші және үшінші рәсім, яғни сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру бойынша тоқталатын боламыз.
Сот төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану, сондай-ақ азаматтық сот ісін жүргізудің жалпы қағидалары бойынша осы Заңда белгіленген ерекшеліктермен бірге бітімгершілік келісім жасасу туралы арыздарды қарайды.
Сот арқылы банкроттық рәсімі борышкерлерге (оның тұрғылықты жері бойынша) егер:
1) берешек сомасы арыз берілген күнге дейін қолданыста болған 1 600 АЕК-тен асса;
2) міндеттемелер 12 ай бойы орындалмаса, яғни кредиторлар алдындағы міндеттемелер бойынша өтеудің, оның ішінде ішінара да болмауы;
3) борышкерге қатысты «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу және (немесе) өндіріп алу жөніндегі рәсімдердің жүргізілуі шарттарына сәйкес келсе;
4) борышкердің осы рәсім барысында сатылатын мүлкі болса;
5) арыз берілген күнге дейін 7 жыл бойы соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану фактісі болмаса қолданылуы мүмкін. Осы шарттардың жиынтығы болуы тиіс.
Барлық міндеттеменің мөлшері (оның ішінде орындалу мерзімі басталмаған) өзіне тиесілі мүліктің құнынан аспайтын борышкер төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы арызбен ғана сотқа жүгінуге құқылы.
Заңның 6-бабы 1-тармағының борышкердің міндеттемелерінің мөлшері бөлігіндегі ережесі, егер кредитор:
жеке тұлға;
жеке тұлға;
заңды тұлға, оның ішінде, өзіне қатысты борышкер осы Заңның 5-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген шартқа сәйкес келмейтін соттан тыс банкроттық рәсімі бойынша кредитор болып табылса, қолданылмайды.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы талаптар мен сот арқылы банкроттықтың ара жігін ажырату қажет.
Азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот арқылы банкроттық туралы арызды сот ерекше іс жүргізу тәртібімен қарайды.
Мемлекеттік баж Салық кодексінің 610-бабы 1-тармағының 13) тармақшасы бойынша 0,5 АЕК мөлшерінде төленуге жатады. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы шешімді сот қаржы басқарушысының қорытындысын ескере отырып қабылдайды.
Қаржы басқарушысы ұсынған төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын қарау нәтижелері бойынша сот:
1) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын бекіту туралы ұйғарым;
2) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тоқтату және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы шешім шығарады.
Сот арқылы банкроттық рәсімінің мерзімі сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап алты айдан аспайды. Сот осы мерзімді алты айдан аспайтын мерзімге ұзарта алады.
Бітімгершілік келісім сот арқылы банкроттық рәсімін жүргізудің кез келген сатысында соттың ұйғарымымен бекітіледі. Бітімгершілік келісім соттың оны бекіту туралы ұйғарымы күшіне енген күннен бастап күшіне енеді және борышкер, кредиторлар мен бітімгершілік келісімге қатысатын үшінші тұлғалар үшін міндетті болып табылады. Күшіне енген бітімгершілік келісімді орындаудан біржақты бас тартуға жол берілмейді.
Сот бітімгершілік келісімді бекітуден бас тарту туралы ұйғарым шығарған жағдайда, бітімгершілік келісім жасалмаған деп есептеледі. Соттың бітімгершілік келісімді бекітуден бас тарту туралы ұйғарым шығаруы жаңа бітімгершілік келісімді жасасуға кедергі болмайды. Соттың бітімгершілік келісімді бекіту туралы ұйғарымының күшін жою сот арқылы банкроттық рәсімін қайта бастауға негіз болып табылады. Соттың бітімгершілік келісімді бекіту немесе бітімгершілік келісімді бұзу туралы ұйғарымының күшін жою туралы шешім қабылдаған сот соттың актісінде сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану (қайта бастау) жөнінде іс қозғау туралы көрсетуге міндетті.
Бітімгершілік келісімді бекіту сот арқылы банкроттық рәсімін тоқтату үшін негіз болып табылады.
Р.Алдамбергенов,
Сырдария аудандық
сотының төрағасы
Сырдария аудандық
сотының төрағасы