Биыл аса қауіпті деп танылған 14 жұқпалы ауруға қарсы республикалық бюджеттен 6973,5 мың доза ветеринариялық препарат бөлінді. Сәйкесінше, бұл екпе көлемі былтырғы жылмын салыстырғанда 1 млн дозаға артып отыр. Ал өңірге бөлінген 4492,3 мың доза ветеринариялық екпе қоры аудандарға таратылып берілді. Сондай-ақ, осы жылға бекіткен 4 ай бойынша 1579,3 мың доза алдын ала егіліп, нақты көрсеткіш 100 пайызға орындалды. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев хабарлады.

-Жергілікті жерлерде аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы алдын алу шаралары мен диагностикалық тексеру жұмыстары тұрақты әрі сапалы жүргізіліп келеді. Осының нәтижесінде Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы үстіміздегі жылдың наурыз айында таза аймақ мәртебесін қайта растады. Бұл аймағымыздағы ветеринария саласындағы үздіксіз еңбектің жемісі. Қазіргі таңда жануарлар мен адамзатқа ортақ жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында 2183,5 мың мал басына диагностикалық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар осы жылы облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 6 түрлі энзоотиялық ауруға қарсы 707,4 мың доза ветеринариялық препарат сатып алынды. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру барысында мамыр айына дейін 1514,0 мың мал басы ақпараттық жүйеге енгізілді. Нәтижесінде, өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда жалпы мал саны 3,8 пайызға өсті, – деді басқарма басшысы Шахмардан Қойшыбаев.
Басқарма басшысы брифинг барысында ветеринар мамандардың айлық жалақысына байланысты да арнайы тоқталып өтті. Жалпы аймақта 8 ветеринариялық станция және 139 ветеринариялық пунктте барлығы 800-ге жуық маман бар. Олардың еңбекақысын көбейту мақсатында биыл республикалық бюджеттен тиісті қаржы қаралып, 635 ветеринар маманның айлық жалақыларына 50 пайыздық үстем ақы қосылды. Басқарма басшысы осының арқасында кадрлық тұрақтылық сақталғаның атап өтті.

Қызылорда облысы бойынша оба ауруының эпидемиологиялық ахуалы тұрақты деп бағаланады. Соңғы рет бұл ауру аймақта 2003 жылы Арал ауданында тіркелді.

Оба мен басқа да аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу және табиғи ортада эпизоотиялық бақылау жүргізу мақсатында жыл сайын және обаға қарсы және эпидемияға қарсы іс-шаралар кешені өткізіледі, оның ішінде кеміргіштер мен бүргелер оба эпизоотиясының бар-жоқтығына тексеріледі. Бұл іс-шара қауіпті аумақты дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

Облыс бойынша оба қоздырғыштарын анықтау мақсатында  115,600 шаршы шақырым жерге барлау жұмыстары жүргізілді. Аурудың алдын алу және табиғи ортада эпизоотиялық бақылау жұмыстары М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті және карантинді инфекциялар ғылыми орталығының жергілікті Арал теңізі және Қызылорда обаға қарсы  күресу станциялары филиалдары мамандарымен жүргізілді. Облыс көлемінде табиғи қоршаған ортаның 115,6 мың ш.ш. жер аумағы эпизоотиялық зерттеуден өткізілді.

146 елді мекен тексерілді. Кеміргіштердің мекендеуіне 331,82 мың ш.м. жер көлемі, эктопаразиттердің мекендеуіне 133,82 мың ш.м. жер көлемі зерттелді. Елді мекендер бойынша кеміргіштерге қарсы 234,8 мың ш.м. жер көлеміне кенттік дератизациялау жұмыстары және эктопаразиттерге қарсы 693,4 мың ш.м. жер көлеміне кенттік дезинсекциялық жұмыстар жүргізілді. Жыл көлемінде 4 стационарлық, 9 көшпелі зертхана жұмыс жасады. Жыл басынан бері  адамдар мен үй жануарлары арасында аса қауіпті оба ауруына күдікті жағдайлар анықталған жоқ.

Обаға қарсы тиімді шаралардың бірі ол – вакцинация. Өткен жылы ауруға қарсы егілуге тиісті контингенттердің арасынан барлығы 22 979 адам екпе алды.

Оба ауруы аса қауіпті карантинді жұқпалы аурулар қатарына жатады. Ауруды таратушылар көзі  – дала  кеміргіштері, қояндар,  түлкі, үй  тышқандары, үй  жануарлары (түйе, ит, мысық) болып табылады.

Оба  ауруы  бүргелер  шағу  арқылы, кенелерді  жалаң  қолмен  езгенде, обамен ауырған малдарды, жабайы жануарлар мен дала тышқандарын  сойғанда, обамен ауырған адамның пайдаланған   заттарын ұстағанда жұғады.  Ауырған  малдың  етін, сүтін  асқа  пайдалану да берілудің бір жолы.

Оба   ауруының  алдын алу  үшін  тәуекел тобындағы адамдарға уақытылы екпе алуы қажет. Үйде  бүрге, тышқанның  болмауын  қадағалау керек, егер  пайда  болса  тез арада   тиісті мекемелермен келісім-шарт жасасып, жою жұмыстарын жүргізген дұрыс. Малдарға  кене,  бүрге  секілді  зиянды  жәндіктерге  қарсы  залалсыздандыру  жұмыстарын жүргізу, түйелерді обаға қарсы егу, үйдегі ит-мысықтардың бүргелеп кетпеуін қадағалау, балалардың олармен  ойнауын  шектеу, күдікті  тағамдарды  асқа  пайдаланбау керектігін еске саламыз.

БӨЛІСУ