Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Ақсуат ауылдық округіне көгілдір отын қосу рәсіміне қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Аса маңызды мәселелердің бірі – ауылды кешенді түрде дамыту. Ауылдарға нақты қолдау көрсетіп, заманауи инфрақұрылымды дамытуымыз керек» деген болатын. Өткен жылы 14 газдандыру жобасын жүзеге асыруға 8,7 млрд.теңге бөлініп, нәтижесінде 6 ауылды газға қостық. Осылайша өңірдің газдандыру деңгейі 70 пайызға жетті. Биылға республикалық бюджеттен 7,4 млрд. теңге бөлініп, 2022 жылы басталған 7 жоба жалғастырылады. Оған қоса 12 жаңа жобаның құрылысы басталады. Оның ішінде, Қосшыңырау ауылдық округінің Абай, Досан елді мекендеріне де газ жеткізу жобалары бар. Демеушілердің қаржы көздерінен 100 млн. теңгеге Сабалақ саяжайына табиғи газ желісін тартудың жоба-сметалық құжаттары әзірленуде», – деді аймақ басшысы.
Ауыл тұрғындарын қоғам қайраткері Айтбай Көшербаев пен ауыл ақсақалы, қоғамдық кеңестің төрағасы Өмірсерік Әбуов құттықтады.
Іс-шара қонақтары зейнеткер Сейітқасым Тәуірбаевтың үйіне табиғи газ қосу сәтіне куә болды.
Әрі қарай облыс әкімі Ақсуат ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, сұрақтарына жауап берді.
Айта кетейік, осы ауылдық округті газдандыруға республикалық және жергілікті бюджеттен 4,9 млрд.теңге бөлінді, мердігер мекеме – «Алия Сервис» ЖШС.
Бүгінде Ақсуаттың инфрақұрылымын дамыту үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, қазір 79,9 млн. теңгеге 3 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, 5 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін Ұлттық қордан 350,9 млн. теңге қаралып отыр. Сондай-ақ, жаңадан қоныстанушылар тұратын 32 көшеге электр желілерін жүргізу үшін жоба- сметалық құжаттар әзірленіп, 1 млрд. теңге бөлу жөнінде республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Аймақ басшысы «Бәйтерек» тұрғын ауданындағы су жинағыш құрылғының жұмысымен танысты. Нысан құрылысы 2022 жылдың тамыз айында басталып, биыл сәуір айында аяқталды. Мұнда тереңдігі 440 м 7 ұңғыма мен 3 резервуар бар. Құрылғының қуаттылығы 7200 м3. Одан кейін облыс әкімі шағын аудан тұрғындарымен кездесті.

Жалпы Қызылорда облысында биыл газдандыру деңгейі 72 пайызға көтеріледі. Нәтижесінде «көгілдір отын» қамтамасыз етілген елді мекендер саны 32-ге жетпек.

Биыл облыста газдандыру жұмыстарын жүргізу мақсатында 8,4 млрд теңге қарастырылған. Ол республикалық және облыстық бюджеттен есебінен қаралған. Ол былтыр басталып, биыл аяқталатын жобаларға да қарастырылып отыр. Былтыр басталған құрылыстан бөлек Сырдария ауданындағы Қалжан ахун, Шиелідегі Еңбекші, Жиделіарық, Ә.Тәжібаев, Бестам, Ақтоған, Алмалы ауылдары, Жаңақорғандағы Төменарық, Шалқия кенті, Құттықожа, Кейден, Жайылма елді мекендеріне газ құбыры тартылады. Бұған қосымша қала маңындағы Абай ауылы да жақында «көгілдір отын» игілігін көреді. Биыл 10 елді мекен, яғни, Төретам мен Шалқия кенті, Ақай, Бірлік, Қыраш, Кейден, Жайылма, Құттықожа, және Абай ауылындағы газдандыру жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Жалпы жыл соңына дейін облыстағы газдандыру деңгейін 72 пайызға жетпек. Ал «көгілдір отын» барған елді мекендер саны 32-ге жетеді деген меже бар.

2004 жылы Қызылорда қаласына газ келсе, 2013 жылға дейін жалғасқан жұмыс нәтижесінде 2014-2015 жылдары Тасбөгет кенті, Қызылжарма ауылы, Қазалы, Арал, Шиелі, Жаңақорған аудандарының орталығы газға қосылды. Одан кейін облыс орталығына жақын орналасқан Белкөл кенті мен Талсуат елді мекенінің халқы газға қол жеткізді.

2017-2018 жылдары Жосалы, Тереңөзек, Жалағаш кентіне арнайы жоба жасалып, газ тарату станциялары салына бастады. Ал 2021 жылы аталған үш ауданның орталығынан бөлек, Шиелідегі Ш.Қодаманов, Н.Бекежанов ауылына газ құбыры тартылды. 2019-2020 жылдары Аралдағы Жақсықылыш кенті, Шиелінің Байсын ауылы, Қазалыға қарасты Ғ.Мұратбаев және қала маңындағы Қарауылтөбе елді мекендері де «көгілдір отынның» қызығын көре бастады.

Былтыр республикалық бюджеттен 10 жоба арқылы қалаға қарасты Ж.Махамбетов пен Наурыз, Жаңақорғандағы Бірлік пен Қыраш, Арал ауданындағы Сексеуіл кенті және ондағы газ тарату станциясы, Төретам мен Ақай ауылы, Қазалы ауданындағы бір-біріне іргелес орналасқан Басықара, Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов елді мекені, Шиелідегі М.Шоқай ауылы «көгілдір отынға» игілігін көрді. Нәтижесінде былтыр 589 шақырым газ құбыры тартылды.

БӨЛІСУ