Бүгін Достық үйінде «Қазақстан корейлер қауымдастығы» Қызылорда облыстық қоғамдық бірлестігінің өкілдері Кореядан келген делегация мүшелерімен кездесті. Делегация құрамында Кореяның мәдени орталығының Бас хатшысы Джонг Гёнвон, Жастар қызметін ілгерілету агенттігі менеджерінің орынбасары Ким Джингёл болды.
Кездесу барысында екі ел арасындағы білім, денсаулық, ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықтың нығайып келе жатқандығы сөз болды. Әсіресе, корей жастарының Сыр өңірінің тарихына қызығушылығы басым екендігі, білім саласындағы тәжірибе алмасу бағытындағы жұмыстарды жандандыру керектігі айтылды.
Айта кету керек, өткен жылы 100-ге жуық Корея студенттері мен оқушылары Қызылордаға келіп, Хон Бом До және Ге Бон У корей халқының батырларының тарихымен танысты. Хон Бом До мемориалдық кешенінде болды. Білім саласындағы екі жақты байланысты тереңдету ниетінде Кванжу білім басқармасымен үшжақты меморандумға қол қойылды.
Ендігі кезекте Тэчжон қаласымен және Чоллабук-до провинциясымен дамыған ауыл шаруашылығы саласымен ынтымақтасу жоспарлануда. Бүгінгі таңда осы бағыттар бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда делегация мүшелері облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановпен кездесіп, пікірлесті.
Мәртебелі меймандар өңірлік корей этномәдени бірлестігінің де атқарып жатқан ауқымды жұмысы, Корея және Қызылорда арасындағы үлкен дәрежедегі достықты сөз етіп, бұл сапар ынтымақтастық бағытындағы екіжақты әріптестікті одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретінін айтып, алғысын жеткізді.
Осы ретте «Қазақстан корейлер қауымдастығы» Қызылорда облыстық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Елена Ким орталықтың негізін қалап, жұмысын жүйелі жүргізуге сүбелі үлесін қосқан бірқатар ардагерлерге сый-сияпат көрсетті. Естелік суреттерге түсіп, ерекше көңіл-күйде тарқасты.

БӨЛІСУ