Арал ауданында «BIRGE – TAZA QAZAQSTAN» экологиялық акциясы аясында кезекті сенбілік өткізілді. Тазалық шарасы қала, кент, ауылдық, округтерде ұйымдастырылды. Бірлесе ұйымдастырылған сенбілікте қаланың кіре беріс аймағы, орталық көшелер мен әлеуметтік нысандар, қоғамдық орындар қамтылды.
Ортақ мекеннің мүддесі, туған жердің табиғаты мен айналасын таза ұстау үшін барлық мемлекеттік мекемелер мен түрлі ұйымдар бірлесе атсалысты.
Тазалық шарасына қатысушылар аудан әкімінің арнайы бекіткен 8 сектор бойынша санитарлық-тазарту жұмыстарын жүргізді. Тазалық шаралары өз деңгейінде атқарылғанымен шеткі көшелер мен сырт аймақтарда, қала сыртында белігеленбеген жерлерге қоқыс тастау фактілері тиылмай тұр.
Санитарлық штаб жиынында аудан әкімі Серік Сермағамбетов «Осы кезге дейін қаншама аумақ қоқыстан тазартылып, реттелуде. Дегенмен тазартылған аймақтардың бірнеше күн өтпей жатып қайта ластану фактілері тиылмай тұр. Сондықтан, әр аумақтың тазалығын көздің қарашығындай сақтап, тәртіпті бұзған тұрғындарға қатаң шаралар қабылдауды полиция бөліміне тапсырамын. Қатаң шаралар көріліп, темірдей тәртіп болмайынша бұл жұмыс өнбейді» деген болатын.
Аудан әкімінің тапсырамасына сай, мемлекеттік мекемелер мен полиция бөлімі рейдтік шаралар жүргізіп, бей-берекет белгіленбеген орынға қоқыс тастауды әдетке айналдырған тұрғындарға заң шеңберінде шаралар қабылдауда. Сонымен қатар төрт түлігін бей-берекет қала көшелеріне жіберген азаматтарға да әкімішілік айыппұл салынды.
Айта кетейік, қала тазалығын сақтауға байланысты рейдтік шаралар ендігі кезекте тәулік бойы жүргізілетін болады. Сондай-ақ тәртіпке бағынбай ортақ үйді ластағандар жауапкершілікке тартылып, БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланып, заң аясында айыппұлдар салынатын болады.