Бүгін Қазалы ауданы, Бекарыстан би ауылында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңістің 78 жылдығына орай “Ғасыр жасаған майдангер” атты Ұлы Отан соғысының ардагері Қабақ Смағұлдың 100 жасқа толған мерейтойы өтіп жатыр.

Тағылымды шара басталмас бұрын аудан әкімі Мұхтар Оразбаев және шараға келген қонақтар ғасыр жасаған тұлғаны күтіп алып, Ұлы Отан соғысынан елге оралған жауынгерлер ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

“Елден аттанған 300-дей азамат едік, тең жартысынан астамы қайтпады. Мен соның куәгерімін” деген майдангер мұнан соң Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаевтың ескерткіші алаңына бағыт алды.

Өзінің батыр Үрмәштің көзін көрген адам екенін, қас батыр бар қазақтың мақтанышы болып қалатынын айтып, ауқымды мерейтой алаңына келіп жайғасты.

Мерекелік жиын ұрыста ерлік көрсеткен жауынгерлерді 1 минут үнсіздікпен еске алумен басталды. Мұнан соң аудандық “Жанқожа батыр” атындағы орталық мешіттің бас имамы Нұрдәулет Асқарұлы ел үшін от кешкен майдангерлер рухына құран бағыштады.

– Бұл күн бізге оңайлықпен келген жоқ. Біздің аталарымыз елдігіміз үшін кеудесін от пен оққа тосып, ортақ Отанымыздың бостандығы мен тұтастығын қорғады. Сондықтан өскелең ұрпақ осындай майдангерлерді есінен бір сәт шығармауы тиіс.
Бүгінгі таңда ауданымызда екі соғыс ардагері бар. Олар – Қабақ Смағұл мен Тілеуберген Тобабергенов.
Міне, бүгін осы екі қаһарманның бірі – Қабақ Смағұл ақсақал 100 жасқа толып отыр. Өмірінен өнеге тараған, ұрпақ ұлағатына айналған майдангердің мерейтойы құтты болсын, – деді Мұхтар Әуесұлы.

Мұнан соң аудан басшысы тау тұлғалы ардагерді сахна төріне шақырып, Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтауы мен арнайы сыйлығын тарту етті. Сондай-ақ, Мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевтың, ҚР Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Руслан Рүстемов пен Ақмарал Әлназарова және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мархабат Жайымбетов пен Мұрат Ергешбаевтың құттықтауын жеткізді.

Мерекелік шараға арнайы келген Арал аудандық мәслихат төрағасы Базарбай Төреахметов сахнаға шығып, Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетовтың құттықтауы мен сыйлығын берді.

Толассыз құттықтаулар мен жылы лебізден соң Мұхтар Әуесұлы ғасыр жасаған майдангерге “Қазалы ауданының құрметті азаматы” атағын табыстап, қазақы дәстүрге сай иығына шапан жапты.

БӨЛІСУ