Қызылорда облыстық сотының судьясы Қаниева Клара Бөгенбайқызының төрағалық етуімен сотта татуластыру рәсімдерін жүргізу бойынша семинар өтті.
Шараға азаматтық істерді қарайтын соттардың төрағалары мен татуластырушы судьялары қатысты.
Семинарды ашқан К.Қаниева азаматтық істер бойынша тараптарды сотқа дейін татуластыру қашан да күн тәртібінде екенін, бұл бойынша әрдайым түсіндірме жұмыстары жүргізіліп отыратынын, сондықтан бүгінгі қаралатын мәселелер өзекті екенін айта келе, алғаш болып баяндама жасау үшін сөз кезегін Қызылорда қалалық сотының судьясы А.Қаршығаға берді.
Баяндамашы «Сотқа дейінгі хаттама туралы алгоритмге енгізілген өзгерістер мен сот практикасының кейбір мәселелері» тақырыбында сөз қозғап, енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді бұйрықтық, ерекше іс жүргізу, ерекше талап қою тәртібімен іс жүргізу санаттарындағы талап қоюларды қоспағанда, барлық талап қоюлар татуластырушы судьяға бөлінуі қажет екенін, сонымен бірге, оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен берілген талап қоюлар да татуластырушы судьяға бөлінуі керек екенін айтты.
Сондай-ақ А.Қаршыға 2023 жылдың 3 айында Қызылорда қалалық сотында медиация тәртібімен аяқталған істердің жалпы саны- 159 болса, оның ішінде татуластырушы судьямен- 103 іс аяқталғанын, ал, сотқа дейінгі хаттама жасалып, медиация тәртібімен 49 іс аяқталғанын көрсетті.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе – сотқа дейінгі хаттама бойынша сот практикасы жөнінде Шиелі аудандық сотының судьясы Ж.Сарбасова баяндама жасап, 2022 жылдан бастап қолданысқа енген «Сотқа дейінгі хаттама» институты – тараптар арасындағы даудың сот процестерінсіз, сотқа дейін шешудің қосымша мүмкіндігі екеніне тоқталды.
Баяндамалардан соң қатысушылар татуластыру бойынша өздерінің тәжірибелерімен бөлісті.
Семинарды қорытындылаған К.Қаниева сотқа дейін хаттаманы жасай отырып, татуласу рәсімін қолдану – тараптар арасындағы моральдық және материалдық шығындардың азайтып, дау-жанжалсыз өзара ортақ шешім тауып, қарым-қатынастың жақсы жағдайда қалуына септігін тигізетінін, сондықтан осы бағытта насихат жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі