7 мамыр – Отан қорғаушы күні және 9 мамыр – Жеңіс күні мерекелеріне арналған салтанатты шара өтті. Шараға аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы Есжанов қатысып, аудан халқын Ұлы Жеңістің 78 жылдығымен құттықтады.
“Біз Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күнін қатар атап жүрміз. Өйткені, бұл мерекелер рухы жағынан бір-бірін толықтыратын, ұрпақтар сабақтастығына ұласқан мерекелер. Әр отбасында сұрапыл соғысқа қатысып, елі мен жерін, ұрпағының бейбіт өмірін қорғаған өз батырлары бар. Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 78 жыл толып отыр.
Бұл күн – аталарымыз бен әкелеріміздің майдан даласындағы жанқиярлық ерлігі мен аналарымыздың ауыр күндердегі ерге бергісіз елдік істерінің жемісі.
Уақыт алға жылжыған сайын бұл ерліктің шоқтығы биіктеп, қадір-қасиеті артып, тағылым-тәрбиесі мен мән-мағынасы тереңдей түсуде.
Қаншама уақыт өтсе де Ұлы Отан соғысы біздің тарихымыздың қасіретті беттері болып қала береді. Бұл күн – халқымыздың шежіресінде мәңгі қалар, тарих төрінен орын алған айтулы мереке” – деді.
Ұлы Отан соғысына Жалағаш ауданынан 2316 азамат қатысып, олардың 695-і ғана елге аман-есен оралған.
Қазіргі таңда Жалағаш ауданында 105 тыл ардагері, Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген екінші рет некеге тұрмаған жұбайлары – 2, ауған соғысына қатысушы 25 ардагер, Тәжікстан – Ауғанстан шекарасында әскери борышын өтеген 14 ардагер, Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан 6 ардагерлеріміз тұрады.
Бұл ардагерлерімізге жылсайын мемлекет тарапынан әлеуметтік төлем төленіп келеді.
7 мамыр – Отан қорғаушы күні және 9 мамыр – Жеңіс күні мерекелеріне арналған концерт халық назарына ұсынылып, аудан өнерпаздары өз өнерлерін ұсынды.