Үкіметте кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын қайта қарастыру мәселесі талқыланды.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың төрағалығымен өткен кеңесте шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдаудың барлық шарасына аудит жүргізу мәселесі талқыланды. Жиынға Ұлттық банк, «Атамекен» ҰКП және мемлекеттік орган өкілдері қатысты.

Бүгінде шағын және орта бизнесті қаржылық және инфрақұрылымдық қолдау шаралары аясында 80 құрал қолданылады.

Қаржы министрлігі мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне мониторинг жүргізетін «e-Minfin» ақпараттық жүйесін әзірлеп, іске қосты. Бағалау үш тиімділік көрсеткіші бойынша жүргізіледі: бюджеттік, қаржы-экономикалық және әлеуметтік-экономикалық. Сондай-ақ көрсетілген мемлекеттік қолдау шаралары туралы мәліметтерді автоматты түрде алу мақсатында он оператормен жасалған интеграция аяқталды. Бүгінде бұл құрал 27 мемлекеттік орган мен ұйымның 260-тан астам пайдаланушысына қолжетімді.

«Атамекен» ҰКП мәліметінше, мемлекеттік қолдау аясында 2022 жылы 21 913 ШОБ субъектісіне сервистік қолдау көрсету бойынша 26 195 қызмет көрсетілген. 39 474 клиентке ақпараттық-кеңес беру қызметі бойынша 136 129 кеңес берілді. 24,7 млрд теңгеге 2676 жобаны қаржыландыруға қолдау көрсетілді. Жобалар аясында 3104 жұмыс орны ашылды. Жаңадан 1435 кәсіпорын ашылып, 340 ШОБ субъектісіне келісімшарт жобалары әзірленді.

2015 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі кезеңде Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерліктің даму серпіні оң нәтижелерді көрсетіп отыр. ЖІӨ-дегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 7,9%-ға артып, 34,7%-ға жетті. ШОБ өнімдерін шығару 2 есеге жуық артып, номиналды мәнде 29,7 трлн теңгеге жетті. Жұмыс істеп тұрған ШОБ-тың жалпы саны 15,2%-ға артып, 1,4 млн субъектіге жетті. ШОБ-та жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 10,6%-ға артып, 3,5 млн адам болды. Сонымен қатар ол кәсіпкерлік қызметті одан әрі дамытуға қолайсыз реттегіш жүйе мен шектен тыс әкімшілік жүктеме кедергі келтіретінін атап өтті.

Бұл проблеманы Мемлекет басшысы 2021 жылдың аяғында қол қойған жаңа реттеу саясатын енгізу мәселелері жөніндегі заң аясында екі кезеңде шешу жоспарланып отыр.

Мәселен, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында төрт басым салада: сауда қызметі, көлік, ауыл шаруашылығы, қоғамдық тамақтандыру және қонақ үй қызметтері секілді салаларда реттеушілік талаптар қайта қаралатын болады. Аталған салаларда ШОБ субъектілерін қамту шамамен 60%-ды құрайды.

2022 жылдың екінші жартыжылдығында және 2023 жылы денсаулық сақтау, құрылыс, өнеркәсіп және т. б. (ШОБ қамту – 40%) секілді қалған салаларда бизнеске қойылатын талаптарды (40 мыңнан астам) қайта қарау жоспарланып отыр.

Жаңа тәсілдерді іске асыру бизнеске түсетін жүктемені түбегейлі азайтуға және жаңа экономика жағдайында іскерлік белсенділікті дамытуға серпін беруге жол ашады.

Қолдаудың тағы бір құралы Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы болады, оның аясында нарықтың жекелеген қатысушыларына әділетсіз артықшылықтар беретін заңнамалық және реттеуші актілердің күшін жою; ШОБ үшін реттеушілік кедергілерді қысқарту; шектеулі бюджет ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыру үшін жеке тұлғалар алдында ұжымдық пайданың басымдығын қамтамасыз ету; жаңа бастаған және жұмыс істеп тұрған бизнес үшін сапалы өнеркәсіптік, инновациялық және креативті инфрақұрылымның артық ұсынысын жасауды ынталандыру; бизнестің есептілігін автоматтандыру және рұқсат беру құжаттарының санын қысқарту көзделіп отыр.

БӨЛІСУ