Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмонның БАҚ өкілдері үшін бірлескен баспасөз мәлімдемесі

Қазақстан Президентінің сөйлеген сөзінен:

Тәжікстан – біз үшін бауырлас ел, маңызды әрі сенімді серіктес мемлекет. Біздің халықтарымызды шынайы достық, ортақ тарих, рухани және мәдени құндылықтар біріктіреді;

Сіздің сапарыңыз мемлекеттеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығында өтіп отыр;

Екі ел үкіметтерінің сенімді саяси диалогы мен үйлесімді жұмысының нәтижесінде қарым-қатынастардың мазмұны мүлде жаңарып, байи түсті. Бүгін қол қойылған Одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларация – мұның айқын дәлелі;

 Екіжақты өзара іс-әрекетті нығайту үшін энергетика және машина жасау салаларында зор мүмкіндік бар. Кеше өткен Қазақстан-Тәжікстан бизнес-форумы мен Іскерлік кеңес отырысы кәсіпкерлердің осы салаларда өзара тиімді байланыс орнатуға қызығушылық танытып отырғанын растады;

 Бизнес-форум барысында жалпы сомасы 1,8 миллиард доллар болатын келісімшарттарға қол қойылды;

 Өткен жылдың қорытындысы бойынша елдеріміз арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 40 пайызға өсіп, 500 миллион доллардан асты;

 Қазақстан – Тәжікстанға үлкен көлемде бидай мен ұн жеткізетін елдің бірі. Бұл ретте біздің өсімдік майлары, макарон, сүт өнімдері және кондитерлік өнім түрлері бойынша экспортты ұлғайту үшін резервіміз жеткілікті;

 Қол жеткізілген уағдаластықтарды тиімді және уақтылы іске асыру үшін Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі 2025 жылға дейінгі жол картасына қол қойылды;

Іскерлік байланыстар мен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін мейлінше қолайлы жағдай жасау қажеттігі атап өтілді. Осыған байланысты өңіраралық форумдар форматында екіжақты ынтымақтастықтың басталуы ерекше маңызға ие;

 Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендерді пайдалану туралы ұстанымдарымыз ортақ екенін, сондай-ақ бұл істе конструктивті ынтымақтастық пен өзара тиімді шешімдер іздеу қажеттігін тағы да растадық. Бұл мәселеде Аралды құтқарудың халықаралық қоры айрықша рөл атқарады;

 Қол жеткізілген уағдаластықтар – Қазақстан-Тәжікстан қарым-қатынастарын нығайту тұрғысынан аса маңызды және елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бейілді екеніңіздің айқын дәлелі.

БӨЛІСУ