Бүгін Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен аппараттық мәжіліс отырысы болып өтті. Мәжілісте 2 мәселе қаралды. Жиынға кент, ауылдық округ әкімдері мен мекеме, бөлім басшылары қатысты.

Бірінші мәселе бойынша ауданда көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары қаралып, аудан әкімі барлық мекеме басшыларына тазалық мәселесі басты назарда ұстау керектігін қадап айтты.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Әсет Омаров кент, ауылдық округтерде бақша өнімдерін егуге ниетті тұрғындар үшін әкімдік және шаруашылықтар демеушілігімен әзірленіп жатқан бақшалық жерлердің дайындық барысы туралы хабарлама жасады.
Биылғы жылы тұрғындардың бақша өнімдерін егу үшін аудан бойынша 392 гектар жер жыртылып, оған 736 отбасы көкөніс, картоп және басқа да бақша өнімдерін егу межеленіп отыр.
Жиын соңында аудан әкімі жоғарыда көтерілген мәселелердің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына байланысты кент, ауылдық округ әкімдері мен тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, жұмыстардың сапалы орындалуын қатаң бақылауда ұстау қажеттілігін атап өтті.

Биыл аудан бойынша 26 709 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарлануда. Оның ішінде, негізгі дақыл – күріштің көлемі 13 500 гектар.
Сонымен қатар, аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес сырттан келетін өнім көлемін азайтып, тұрғындардың негізгі бақша өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз етуі үшін аудан әкімдігі мен ірі шаруашылықтар тарапынан егіс егемін дейтін аудан тұрғындарына бақшалық жерін жыртып, дайындап беруге қолдаулар көрсетілуде. Атап айтқанда, аудан бойынша қосымша 392 гектар бақшалық жер дайындау жоспарланып, оған 736 отбасы бақша егуге ниет білдіріп отыр.

БӨЛІСУ