Өңірде биылғы жылдың 3 ай қорытындысымен 5 мыңға жуық нәресте дүние келді. Бұл сәбилердің 95,3 пайызына алғашқы вирусты гепатит В ауруына қарсы екпе егілді. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Мая Мирзанова хабарлады.

-Жалпы облысымызда туу жасындағы 177 мыңнан астам әйел және 320 мыңға жуық бала тұрады. Нәзік жандылар мен балаларға медициналық көмек көрсету үшін аймағымызда 26 медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету нысаны, 8 перзентхана, сондай-ақ облыстық перинаталды орталық пен көпбейінді облыстық балалар ауруханасы жұмыс атқарады. Қазіргі таңда босандыру ұйымдарының медициналық жабдықтармен қамтылуы – 84 пайызды құраса, балалар стационарларының медициналық құралдармен жабдықталуы – 82 пайыз. Бұл көрсеткішті одан әрі жоғарылату мақсатында «Әр азаматқа сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау», «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы шеңберінде арнайы қаржы бөлініп, медициналық ұйымдардың толық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұдан бөлек, облыс көлемінде босандыру ұйымдарында барлығы 101 акушер-гинеколог жұмыс істейді. Олардың 53 пайызы оперативті техниканы меңгерген мамандар, – деді басқарма басшысының орынбасары Мая Мирзанова.
Сондай-ақ, биыл «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасына 274 квота берілді. Оның бүгінгі күнге дейін 137-і игерілді, – деді Мая Мирзанова.

Жалпы айтар болсақ, балалардың орфандық және басқа да ауыр ауруларын емдеу үшін Дәрілік заттар және медицина бұйымдары тізбесі мен Ұлттық дәрілік формуляр тізбесіне қосымша 17 дәрі-дәрмек енгізілді. Оған бюджеттен арнайы 16,4 млрд теңге бөлінді.

Жалпы, елімізде неонаталдық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартының жобасы әзірленді. Онда катамнез кабинеттерінде шала туған шақалақтарды бақылауды ұйымдастырудан бастап, медициналық көмектің барлық деңгейінде жаңа туған нәрестеге көмек көрсетуді ұйымдастыру қағидаттары бекітілген.

Жыл сайын санитариялық-медициналық алғашқы көмек деңгейінде 18 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық қарап-тексеру жүзеге асырылады. Биыл аталған профилактикалық шаралар пакетіне 1-3 және 6 жас аралығындағы балаларға баса назар аудара отырып, аспаптық және зертханалық зерттеулердің қосымша әдістерін, арнайы бейінді мамандарды қосу жоспарланып отыр. Ол үшін кадр даярлау ісін жандандырдық. Биыл ультрадыбыстық зерттеу диагностикасының халықаралық стандарты бойынша 150 маман оқытылды. Сондай-ақ жоғары эксперт санатындағы 50-ден астам ультрадыбыстық зерттеу аппаратын сатып алу жоспарланған.

Балаларға онкогематологиялық көмекті дамыту жеке басым бағыт болып саналады. Осы орайда Қазақстан Республикасындағы балаларға онкогематологиялық көмекті жетілдіру жөнінде 2022-2024 жылдарға арналған жол картасы бекітілді;

Елімізде сондай-ақ «Ерте араласу» институтын енгізу жөнінде ауқымды іс-шаралар атқарылып жатыр. «Қамқорлық» бастамасы аясында осы жылы балаларға арналған 8 оңалту орталығы және 2 ерте араласу орталығы ашылды. Жыл соңына дейін тағы 17 ерте араласу орталығын ашу жоспарланып отыр. Онда жыл сайын жаңа туған нәрестеден бастап  3 жасқа дейінгі аралықтағы 10 мың балаға дейін ем алады;

Ана мен балаға амбулаториялық деңгейде оңалту, емдеу мүмкіндіктерін ұсыну маңызды. Сондықтан былтырдан бері «Қадамдық қолжетімділік» қағидаты іске асырыла бастады. Нәтижесінде тек осы жылдың бірінші тоқсанында 4,2 мыңнан астам бала тұрғылықты жері бойынша емханаларда медициналық оңалтудан өтті.

Осы орайда айта кететін жайт, мектеп табалдырығын аттаған сәттен, яғни 6 жастан 17 жасқа дейінгі балалардың салуатты өмір салтын қалыптастыруына мектеп ортасы үлкен әсер етеді. Сондықтан мектеп мейіргерінің функционалы, 1 мектеп мейіргерінің мөлшерлемесіне оқушылар санының нормативі, мектептердегі медициналық пункттерді материалдық-техникалық жарақтандыру нормативі, профилактикалық жұмыстардың тәртібі т.б. параметрлер бойынша оқушыларға мектеп ішінде медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты әзірленді.

БӨЛІСУ