Қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев қала тұрғындарын қабылдап, өтініштерін тыңдап, шешу жолдарын талқылады.
Қабылдау барысында қала тұрғыны Ф.Балғабаеваға көтерген мәселесіне қатысты тиісті органдардың жауаптары негізінде атқарылған жұмыстар туралы ақпараттар жеткізіліп, жан-жақты түсіндірме, бағыт-бағдар берілді. Ф.Балғабаева үстіміздегі жылдың сәуір айында қабылдауда болып, жұмысқа орналастыру, тұрғын үйдің жөндеу жұмыстарына (модернизация) қатысты мәселелер көтерген болатын. Ф.Балғабаева жұмыстың нәтижесімен танысып, атқарылған жұмыстарға өз ризашылығын білдіріп кетті.
Қабылдауда қала тұрғыны С.Узбаев өзі тұрып жатқан тұрғын үйдің жер учаскесін заңдастыру мәселесін көтерсе, Газовик саяжайының тұрғыны М.Жанпеисова «Пищевик» саяжайының жол және тұрғын үйінің апатты жағдайда болуына қатысты мәселе көтерді.
Сонымен қатар, қабылдауда болған бірқатар қала тұрғындары, көп балалы аналар тарапынан материалдық көмек көрсету, тұрғын үйдің апатты жағдайда болуы, пәтер алу жайлы мәселелер көтерілді.

Осы жылы қалада тұрғын үй құрылысын дамытуға, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жақсартуға ұлттық қордан, республикалық және облыстық бюджеттерден барлығы 53 млрд теңге бөлініп, ірі жобалар жүзеге аспақ. Осы жобалардың ішінде ауылдық елді мекендерде атқарылатын игі істер қамтылған.

Жақында қала әкімі Асылбек Шәменов қалаға қарасты ауылдық округтер мен қос кентті аралап, тұрғындармен кездесіп, талап-тілегін тыңдап қайтты. Сол кездесулерде шаһар басшысы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қолға алынатын жұмыстарды саралады.
«Биыл ауылдарға ерекше көңіл бөлінуде. Тұрғындардың талап-тілегіне сәйкес, қажетті шаралардың барлығы атқарылады деп жоспарлануда. Бұл жұмыстар мұнымен тоқтап қалмайды. Жедел әрі жүйелі істің нәтижесінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінді», – деді қала басшысы.

Игілікті бағдарлама аясында Қызылөзек ауылдық округіндегі 2 көшеге асфальт және 4 көшеге малта тас төселеді. Бөлінген қаржы көлемі – 173,8 млн теңге. Бұдан бөлек, жергілікті бюджеттен қаралған 4,5 млн теңгеге түнгі жарық бағаналары орнатылады. «Қожақ» автомобиль көпірі де алдағы күндері жөнделеді. Оның жоба-сметалық құжаттарына 5,2 млн теңге қаражат бөлінді. Оған қоса балаларға арналған спорттық-ойын алаңы салынады. Оған да қаржы қарастырылды. Ал электр желілерін қайта жаңғырту үшін 6 млн теңгеге жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.

Қарауылтөбе елді мекенінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен бөлінген 274,4 млн теңгеге 150 орындық ауылдық клуб үйінің құрылысы жүргізілуде. Округтегі жаңадан қоныстанушы аумақтағы жалпы ұзындығы 9 шақырымды құрайтын 12 көшеге қиыршық тас төсеу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, мердігер мекеме анықталуда. Ал кіре беріс жолдың бойындағы R-1 каналына жаяу жүргіншілерге арналған көпір құрылысы үшін жоба-сметалық құжаттамасы мен мемлекеттік сараптама қорытындысы дайындалуда. Округ бойынша 8 КТПН, электр бағаналарын орнату жүргізілсе, жаңа қоныстанушы аумаққа техникалық су тарту ұңғымасын бұрғылауға 14,7 млн теңге қаралды.

Талсуатта да биыл қызу жұмыс жүреді. Яғни «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджеттен бөлінген 65,2 млн теңгеге 8 көше жөнделеді. Жергілікті бюджеттен қаралған 2,1 млн теңгеге ауылдағы 7-ші көшеге жарық бағаналары орнатылады. Өткен жылы іргетасы қаланған 150 орындық ауылдық клуб мамыр айында ашылады деп күтілуде.
Биыл қос ауылда атқарылатын ауқымды істің бірі – Абай және Досан елді мекендерін газдандыру жобасы. Бұл газдандыру жүйесін ауыл тұрғындары да көптен күтті.
«Жақында қала әкімі ауылға келіп, халықпен жүздесті. Биылғы атқарылатын жұмыс барысын толық жеткізді. Соның ішінде ауылымызға «көгілдір отын» келетінін естіп риза болдық. Жалпы барлық ауылдың осылай көркейгені көңіл қуантады ғой», – деді Абай ауылының тұрғыны Әлібек Темірханов.

Иә, мәселе оң шешімін тауып, республикалық бюджеттен 663 млн теңге қаржы қаралған. Сондай-ақ республикалық бюджеттен бөлінген 56,5 млн теңгеге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Досан ауылындағы 5 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары мен 3,8 млн теңгеге №1 көшеге жарық бағаналары орнатылатын болады. Абай елді мекеніндегі «Сиыр фермасы» учаскесіндегі 1 көшеге қиыршық тас төселеді.

Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қызылжарма, Ақсуат, Қарауылтөбе, Қосшыңырау, Талсуат, Қызылөзек ауылдық округтерінен барлығы 46 көшеге, Ұлттық қордан бөлінген қаржыға Қарауылтөбе ауылдық округіне қарасты кіре беріс жолдың бойында орналасқан жаңа қоныс аумағына, қала мен Жезқазған тас жолының бойындағы 150 гектар жерге, сонымен қатар қаланың Сарысу көшесі бойындағы Шорғазы тұйығына және кенттер мен ауылдық округтердің 26 көшесіне қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізіледі.

Оған қоса қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының айтуынша, қала мен оған қарасты кент және ауылдық округтердегі 106 көшеге облыстық бюджеттен орташа жол жөндеуге 1 752, 6 млн теңге қаралып, қала бойынша 76 көшеге, Бөлкөл кентінен 6 көшеге, Тасбөгет кентінен 14 көшеге және Сабалақ саяжайынан 10 көшеге асфальт төселінбек.

Қалаға жақын орналасқан ауылдың бірі Ақсуат елді мекені сәуір айының алғашқы онкүндігінде «көгілдір отынға» қосылады деп жоспарлануда. Ақсуат ауылдық округінің әкімі Мәмбетәлі Ақмырзаевтың айтуынша, бұл ауылда да тірлік қарқынды.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 79,9 млн теңгеге 2,9 шақырым болатын 3 көше жөнделеді. 10,4 млн теңгеге 1,6 шақырым болатын 2 көшеге түнгі жарық бағаналары орнатылады. Мұнан өзге, 68,7 млн теңгеге 1,4 шақырым болатын Ә.Құдабаев көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салуға және түнгі жарық бағаналарын орнатуға ұлттық қордан 89,8 млн теңге бөлінді. Ал 1 млрд теңгеге жаңадан қоныстанушы аумаққа электр желілерін жүргізу құрылысына облыстық бюджеттен 200 млн теңге қаралды. Қосымша 5 көшеге асфальт төсеуге 590,9 млн теңге берілді. Бұдан бөлек, тағы қосымша 3 көшеге асфальт төселеді деген жоспар бар», – деді ауыл әкімі.

БӨЛІСУ