1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі және Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясын талқылау мақсатында Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов этномәдени бірлестіктердің жетекшілері және белсенді мүшелерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Бақытжан Жарылқасынұлы 26-27 сәуір күндері елордада Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 32 сессиясындағы көтерілген маңызды мәселелерге баса назар аударды.
«Қазақстан халқы Ассамблеясы – ұлттық бірліктің мемлекеттік саясатының сенімді тірегі, әрі тұрақтылықты нығайтуда маңызды рөл атқарып келеді. Осы күнге дейін өңірлік ассамблея жұмысына оң баға берілді. Осы бағыттан таймай өздеріңізбен бірлесіп, иық тіресіп жұмыс жасаймыз деген сенімдемін», – дей келе, қоғамдық келісім мен ұлтаралық бірлікті нығайту, этносаралық қатынастың негізі ретінде – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және тағы басқа мәселелер бойынша міндеттерді бірігіп атқаратындығын алға тартты.
Этномәдени бірлестіктің жетекшілері мен мүшелері өз кезегінде бұдан әрі де ынтымақшылдық негізінде бірлік пен келісімді нығайтуға дайын екендерін білдірді.
Шара соңында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі аясында белсенділік танытқан барлық этномәдени бірлестіктердің мүшелері марапатталды.

БӨЛІСУ