Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алу бағытында 2023 жылдың көктем және күзгі эпидмаусымы бойынша сақтық шаралары басталды.

Жалағаш ауданы бойынша кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын орындаушы мердігер мекеме «Дезинфекция» Ақтөбе облыстық бірлестігі» жеке медициналық мекемесі арқылы 7 техника 14 адам жумылдырылып Конго-Қырым қанды безгегі ауруына қарсы залалсыздандыру жұмыстарының I-кезеңі 3 мамыр мен 5 мамыр аралығында, II-кезеңі 2023 жылдың 12 мамыры мен 25 мамыры аралығында жүргізеді.

Қызылорда облысы КҚГҚ белсенді табиғи ошағында орналасқан. Сондықтан жыл сайын эпидмаусымда осы індетке шалдығу деректері тіркеліп отырады.

2021 жылы 12 дерек тіркелсе, 2022 жылы 20 науқастың диагнозы зертханалық жолмен нақтыланды.

Бұл аса қауіпті аурудың алдын алудағы тиімді шаралардың бірі – кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары. Жыл сайын жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, барлық қолайсыз елді мекендерде кенеге қарсы өңдеу шаралары екі кезеңмен жүзеге асырылады. Биыл 106 елді мекен қолайсыз деп танылды, өткен жылмен салыстырғанда 10 елді мекенге азайып отыр. Көктемгі кенеге қарсы өңдеу жұмыстары бүгін басталды, облыс бойынша 30824 мал қора, 0,68 ш.ш.жерді құрайтын буферлік аймақтар және барлығы 556 052 бас мал басы кенеге қарсы дәріленетін болады.

Осы шаралардың тиімділігін арттыру үшін тұрғындар назарына қора-аула тазалықтарын қатаң сақтауды және қолайсыз елді мекендерде жүргізілетін өңдеу жұмыстары барысында мал бастары мен қора, аулалардың толық дәріленуіне үй иелері тарапынан қатаң бақылау қажеттігін еске саламыз.

Бұдан бөлек, а.ж. наурыз айының 2-ші онкүндігінен зоопаразитологиялық топпен кене жинау, зерттеу жұмыстары жүрізілуде. Бүгінге дейін 7 мыңнан аса кене жиналып, 700-ге жуық кене зерттеумен қамтылды, оң нәтижелер анықталған жоқ.

Кененің белсенділігі көктем келісімен басталады. Сондықтан тұрғындар арасында, әсіресе, далалық аймақта жұмыс жасайтын, мал шаруашылығы, егін шаруашылығымен айналысатын адамдар үшін қауіп арта түседі. Ағымдағы 2023 жыл басынан бері 63 адам кене шағу жағдайларымен медициналық көмекке жүгінген, оның ішінде 3 адамның дене қызуы көтеріліп, ауруханаға жатқызылды, екеуі де Шиелі ауданының тұрғындары. Алайда екі күдікті жағдайда диагноздары зертханалық жолмен нақтыланған жоқ, мамандардың консилиумымен диагноз өзгертілді.

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті облыс тұрғындарын мал шаруашылығымен, ауыл шаруашылығымен айналысқанда арнайы жұмыс киімдерімен, қолғаптармен жұмыс жасауды, табиғат аясына демалысқа шыққанда кенелерден қорғайтын арнайы репеллентерді пайдалануға, ақ түсті киім киіп, кенелердің болмауына жиі тексеріп тұруды, сақтық шараларын жауапкершілікпен орындауды сұрайды. Сондай-ақ ауру белгілері анықталған бойда жедел медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді. Себебі дер кезінде ем-шара қабылдаған кезде аса қауіпті аурудан толық сауығып шығуға болатындығын еске саламыз.

БӨЛІСУ