Бүгін, аудан әкімі Берік Сәрменбаев “Бесарық” шаруашылығында Қызылорда облысының құрметті азаматы, қоғам қайраткері Мұрат Бахтиярұлы және “Абай Даулет” ЖШС-нің директоры Мұрат Абайұлымен егіс алқабында болып, дән себу рәсіміне қатысты.

«Бесарық» шаруашылығының негізгі бағыттары егін егу және мал шаруашылығы өнімдерін өндіру. Ағымдағы жылы негізгі өнім Сыр салысын 516 гектарға егіп, жаңа жоңышқа 55 гектарға, ескі жоңышқаны 303 гектарға күтімге алған.

Алғашқы дән себу рәсімінде өнім мол болып, қамба астыққа толып, құт-береке дарыған жыл болсын деп ауылдың еңбек ардагері Құлмағанбетов Ерболат ақсақал бата беріп, сәттілік тіледі.

Сонымен қатар, аудан басшысы «Бесарық» шаруашылығына қарасты түйеқұс шаруашылығының жұмысымен танысты. Ағымдағы жылдың қаңтар айында әкелінген африкалық түйеқұстың әрқайсысы 400 мың теңгеден сатып алынған. Шаруашылықта 24 түйе құс бар. Алдағы уақытта инкубатор арқылы түйеқұс саны 100-ге дейін көбейтілмек.

Жалпы, елімізде түйеқұс шаруа­шылығын қолға алғандар саусақпен санарлық. Соның ішінде бұған дейін Алматы мен Сарыағаш қаласында экзотика­лық құсты өсіріп, көл-көсір та­быс­қа кенеліп жүрген шаруа­шылықтар көпке белгілі. Негізі, түйеқұстың бойы 2-3 метрге жуық­тайды. Ал салмағы жүз келіден асып жығылады. Бұл құсты түйе түлігіне ұқсатуы да бекер емес. Ойсылқара тұқымы 2 жылда бір бота­ласа, түйеқұстардың бала­паны­ның өсіп жетілуіне де екі жылға жуық уақыт кетеді екен. Бір түйеқұстың салмағы шамамен 140-150 келіден кем түспейді. Негізінен, түйеқұстың терісі де, еті мен жұмыртқасы да өте бағалы. Оған деген сұраныс та жоғары. Сонымен қатар сағатына 60-70 шақырымды еңсеретін жыл­дам­дығымен де ерекшеленеді. Маман түйеқұстың еті адам иммунитетін көтеретін қасиетке ие екенін айтады. Әсіресе, еті мен жұ­мырт­қасы балалардың ағзасына өте пайдалы екен. Бір жұмыртқасының салмағы 1,5 келіден 3 келіге дейін тартады. Бір қызығы, түйеқұстың терісі қымбатқа бағаланатын көрінеді. Терісі беріктігімен ерекшеленеді. Кейбір өндіріс орнында оның терісінен аяқкиім тігуге, сәндік бұйымдар жасауға пайда­ланылады екен.

«Бірде Сарыағашқа қонаққа барға­ным­да таңғы асқа алдымызға ет тартты. Дәмі тіл үйіретін етті жеп болған соң үй иесінің шаруашылығын араладық. Түйеқұс ұстайтын қорасын қарай жүріп, құстың ерекше әдемілігіне, адамға деген еркелігіне, майысып билегеніне тәнті болдық. Кейін бізге арнайы асқан еті осы түйеқұстан дайындалғанын білдік. Содан өзім де осы құсты Қызылорда өңіріне бейім­деп көруге бел будым», – дейді шаруашылық директорының орын­басары.

Осы оқиғадан кейін түйеқұс асырауға қызығушылығы артып, Сарыағаштағы шаруашылықтан сатып алмақшы болады. Аталмыш шаруашылықтан 1 түйеқұсты 400 мың теңгеден арнайы тапсырыспен алдырады. Құстар мен оған қажетті заттарына, арнайы салған қорасына барлығы 65 миллион теңге бөліпті. Бұған қоса, түйеқұстың бір жылдық жемшөбіне 23 миллион теңге жұмсалған. Осылайша, қыруар қаржымен елге таңсық кәсібін бастаған серіктестік түйеқұс асыраудың тың тәсілін меңгеріп жатқанын алға тартты.

БӨЛІСУ