Қазақта «Туған жерге туыңды тік» деген өнегелі өсиет бар. Мұны Қазалы топырағында туып өсіп, қазақы құндылық пен перзенттік парызды жете түсінетін арда азаматтарымыз аз емес. Соның бір жарқын дәлелі десек жарасады, бүгін ауданға белгілі кәсіпкер Нұркен Ботабаев С.Сейфуллин атындағы №165 мектептің тозығы жеткен ауласына асфальт жабындысын төсеп берді.

– Еліміздің келешегі, болашағымыздың баянды болуы балаларымызға лайықты жағдайда білім беруімізге тікелей байланысты екені даусыз. Осы мүдде үшін Үкімет бар ресурсты пайдаланып отыр. Жергілікті білім саласында кезекте тұрған осындай мәселелердің дер кезінде шешілуіне үлес қосып жүрген жерлес ағаларымыздың жомарттығы, бүлдіршіндердің қажеттілігіне бейжай қарамауы көңілді семіртеді. Күшімізге күш қосады.

Бұған дейін Нұркен Ботабаевтың «Жомарт жүрек» номинациясына ие болғанын білеміз. Жомарт бергенін айтпас. Осы ұстанымға берік жерлесіміздің кәсібіне береке, жұмысына жеміс тілеймін, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов.

Айта кетейік, аталған істі мектеп ұжымы мен «Нұрас и К» жұмысшылары бірлесе жүзеге асырды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы туған жеріне жанашырлықпен қарайтын кәсіпкерлерді патриотизм мен әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп, елдің экономикасын дамытуға үлес қосуға шақырған болатын. Осы жұмыстарға жергілікті кәсіпкерлер, осы елден шыққан меценаттар белсенді араласып, қайырымдылық шараларына, туған жерін түлетіп, көркейтуге бар күш-жігерлерін салуда.

БӨЛІСУ