Қазақ-тәжік бизнес-форумы алаңында $1,8 млрд-тан астам сомаға 39 коммерциялық келісім-шарт пен келісім жасалды. Бұл ферроқорытпа, бидай, алюминий тотығы, мұнай коксы, күнбағыс майы, тау-кен өндірісін дамытуға арналған жабдық, JAC автомобильдері және басқа да өнімдерді жеткізуге арналған экспорттық шарттар.

Іскерлік шараға 200-ден астам компания, екі елдің мемлекеттік және квазимемлекеттік секторларының өкілдері қатысты.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, бүгінде Қазақстанда Тәжікстанмен бірлестікте 418 кәсіпорын жұмыс істейді. 2005 жылдан бастап еліміз бауырлас республиканың экономикасына шамамен $132 млн инвестиция салды, тәжік инвестицияларының ағыны шамамен $21 млн-ды құрады.

Қазақстандық кәсіпорындардың Тәжікстанға өнім экспорттауы оң нәтиже көрсетуде. Мәселен, 2017-2018 жылдары Тәжікстанға JAC маркасының 147 автомобилі жеткізілді. 2021 жылдың соңында «СарыарқаАвтоПром» ЖШС шығарған JAC брендінің қосымша 175 автокөлігін жеткізуге келісім-шартқа қол қойылды, оның 50-і өткен жылы Тәжікстанға жөнелтілді. Бүгінгі таңда отандық JAC S3 кроссоверлері Душанбе қаласының таксопаркін толтырды. Сонымен қатар Қазақстан Тәжікстанға тұрақты негізде алюминий тотығын және бидай экспорттайды.

Бизнес-форумға қатысушылар ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары екенін, сондай-ақ кооперациялық жобаларды дамыту қажеттігін атап өтті. Іскерлік алаңда тараптар өздерінің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды.
«Қазақстанның Тәжікстанға жалпы сомасы $140 млн-ға 60 тауар позициясы бойынша экспортты ұлғайту әлеуеті бар. Бұл өңделген өнімдер, соның ішінде күнбағыс майы мен ұн бар. Қызмет жеткізушілер Тәжікстан нарығына үлкен қызығушылық танытуда, олардың ішінде ауыл шаруашылығы, IT саласы үшін жерді қашықтан зондтау және ғарыштық байланыс қызметтері бар» , — деді Серік Жұманғарин.

Бизнес-форум аясында Қазақ-тәжік іскерлік кеңесінің 3-ші отырысы ашылды, онда сыртқы сауда қызметін жүргізу мәселелері талқыланды.

Шараны QazTrade, Сыртқы сауда палатасының қолдауымен Сауда және интеграция министрлігі Тәжікстанның Инвестициялар және мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік комитеті және Сауда-өнеркәсіп палатасымен ынтымақтастықта ұйымдастырды.

БӨЛІСУ